АСТАНАДА «ЦИФРЛЫҚ ЕҢБЕК ЖӘНЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФОРУМЫ ӨТТІ
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) қолдауымен ұйымдастырған «Цифрлық еңбек және жасанды интеллект» атты екі күндік халықаралық форум өз мәресіне жетті.
Шараның 7 қазан – Лайықты еңбек үшін бүкіләлемдік іс-қимыл күнінде басталуының символдық мәні зор.
Форум барысында жаңа технологиялардың еңбек саласына тигізетін ықпалы, жұмыскерлердің құқықтары, қауіпсіздігі мен әлеуметтік қорғалу мәселелері кеңінен талқыланды.
Басты тақырыптар мен спикерлер
Цифрландыру жұмыстың мазмұнын, еңбек қатынастарын және мамандарға қойылатын талаптарды түбегейлі өзгертуде.
Осы орайда кәсіподақтардың бұл өзгерістерге белсенді қатысып, шешімдер қабылдау барысында жұмыскерлердің мүддесін қорғауы маңызды екені атап өтілді.
Форумның ашылу салтанатында беделді халықаралық және отандық сарапшылар сөз сөйледі:
Ербол Тұяқбаев – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі;
Саранго Раднарагча – БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі;
Оливер Репке – Халықаралық еңбек ұйымының еңбекшілер қызметі бюросының директоры;
Люк Триангл – Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының бас хатшысы;
Қаныбек Жаңбырбаев – «PARYZ» ҚР жұмыс берушілері ұлттық конфедерациясының басқарма төрағасы;
Сатыбалды Дәулеталин – ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.
Сонымен қатар форум жұмысына Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы А. Мұқашева да қатысты. Ол салалық кәсіподақ өкілі ретінде шара барысындағы талқылауларға қатысып, цифрландыру жағдайында білім және ғылым қызметкерлерінің мүддесін қорғау мәселелеріне назар аудартты.
Инновациялық жобалар мен озық тәжірибелер
Екі күнге созылған шара барысында отандық жоғары оқу орындары мен колледж өкілдері цифрландыру бағытындағы өз жобаларын көпшілікке таныстырды:
Мейрам Бегентаев (Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰЗТУ ректоры) «Еңбекті цифрлық басқару: жаңа буын кадрларын даярлаудағы университеттің рөлі» тақырыбында баяндама жасады.
Серік Марланұлы (Satbayev University бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы) және Жастілек Уахитов (Торайғыров университеті кәсіподақ ұйымының төрағасы, қауымдастырылған профессор) білім беру саласындағы цифрлық кәсіподақ жобалары мен жаңа құралдарын таныстырды.
Ержан Өтеулиев (Ақтөбе жоғары политехникалық колледжі директорының м.а.) колледж қызметіндегі жасанды интеллект мүмкіндіктері, Smart City тұжырымдамасы мен ұлттық ойындарды ұштастырған инновациялық жобалары туралы баяндады.
Маңызды құжаттар мен марапаттар
Форум қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы әзірлеген Цифрлық еңбек пен жасанды интеллект жөніндегі үшжақты Астана декларациясы мен Кәсіподақтардың цифрлық хартиясы қабылданды.
Бұл құжаттар жұмыскерлердің құқығын қорғауға, жаңа дағдыларды меңгеруге және лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге берік негіз болмақ.
Шара соңында ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин кәсіподақ қызметіне заманауи технологиялар мен жасанды интеллектті енгізуге қосқан айрықша үлесі үшін Satbayev University, Торайғыров университеті бастауыш кәсіподақ ұйымдарын және Ақтөбе жоғары политехникалық колледжін арнайы дипломдармен марапаттады.
-
Фото
-