Кәсіподақ тарихы
Өткен ғасырдың 20-жылдарында құрылған Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіптік одағы (әрі қарай – Кәсіподақ) өзінің қалыптасуы мен дамуының 100 жылдық белесін бағындырып отыр. Кәсіподақтың ғасырлық тарихи қызметі ел тарихымен, сала қызметкерлерінің күнделікті тыныс-тіршілігіне қамқорлық танытумен тығыз байланысты болды. Заман талабына сай жаңғыра отырып, Салалық кәсіподақ өз тәжірибесінің құнды үлгілерін қалыптастырды, бастысы, кәсіподақ қозғалысының тұтастығы мен бірлігін сақтап, елдегі ең үлкен қоғамдық ұйымға айналды. Кәсіподақ сала қызметкерлерінің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша мақсатты жұмысын жүргізіп, әлеуметтік әріптестік жүйесі аясында билік органдарымен және жұмыс берушілермен сындарлы ынтымақтастық орнатты.
2024 жылғы 26 маусымда XV Съезд өтті. Съезде Кәсіподақтың негізгі мақсаттарын, басым міндеттері мен оларды іске асыру жолдарын айқындайтын Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы қызметінің 2024-2029 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданды.
Бастауыш ұйымнан Орталық Комитетке дейінгі барлық деңгейде жүргізілетін кәсіподақ жұмысының тиімділігі басты басымдық болып қала бермек.
Педагогикалық ұжымдар мен ғылыми ұйымдардағы кәсіподақ мүшелігіне мотивацияны (ынталандыруды) қалыптастыруға, жаңа кәсіподақ ұйымдарын құруға үлкен көңіл бөлінді.
Барлық деңгейдегі кәсіподақ органдары өз жұмыстарында саналы кәсіподақ мүшелігін кәсіподақ мүшелеріне ауқымды және тиімді жұмыс істейтін экономикалық басымдықтарды белгілеу жүйесімен үйлестіруге тырысады.
Кәсіподақ құрылымында:
- 21 облыстық деңгейдегі, Астана қаласы, Алматы, Шымкент республикалық маңызы бар қалалардың кәсіподақ ұйымдары;
- 179 филиал;
- 8 374 бастауыш кәсіподақ ұйымы бар.
2023 жылы салалық деңгейде оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім саласы қызметкерлері үшін еңбек жағдайын, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік кепілдіктерді белгілеу жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған Әлеуметтік әріптестік туралы салалық келісімдер жасалды.
Осы Келісімдермен жалақы, еңбек нормалары, жұмыс уақыты мен демалыс режимі, сондай-ақ сала қызметкерлеріне еңбекке, әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктерге қатысты басқа да мәселелер айқындалды.
2024 жылы 27 ақпанда әлеуметтік әріптестік аясында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағы арасында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру сапасын қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, Тараптар профессор-оқытушылар құрамы мен ғылыми қызметкерлердің академиялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауда ынтымақтастықты нығайтып, күш біріктіруге келісті.
2023 жылы 24 қарашада «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ 2023-2025 жылдарға арналған бірыңғай ұжымдық шартына қол қойылды.
Бүгінгі таңда құқықтық қызмет қызметкерлерінің саны 46 штаттық маманды құрайды.
Қызметкерлерді қорғаудың бір әдісі – өтініштермен және кеңес беру қызметтерімен дұрыс жұмыс жасау.
Соңғы 5 жылда кәсіподақ мүшелерінің жалпы 140 031 өтініштері қаралды, оның 446-сы мемлекеттік еңбек инспекциясына жіберіліп, әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамалар толтырылды және міндетті орындау үшін ұйғарымдар берілді. Тегін құқықтық кеңестердің жалпы саны 94 323 құрады.
Орталық Комитет аппаратының және мүшелік ұйымдардың құқықтық қызметі құқықтық мәселелер бойынша 543 әдістемелік ұсынымдар әзірледі.
Мүшелік ұйымдардың кәсіподақ активімен әлеуметтік әріптестер – ҚР Оқу-ағарту, ҚР Ғылым және жоғары білім министрліктері өкілдерінің қатысуымен бірқатар семинар-кеңестер өткізіледі.
Барлық деңгейдегі кәсіподақ органдары өз өкілеттіктері шегінде нормативтік құқықтық актілердің жобаларына ұсыныстар дайындауға қатысады.
Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» Заңы ұстаз мәртебесін көтеруге, педагогтың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға, бірқатар кеплідіктерге, оның ішінде әлеуметтік кепілдіктер иеленуге, білім саласындағы еңбек жағдайларын жақсартуға, педагогты арнайы құқықтық тұрғыда қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған. Көптеген жылдар бойы осындай заңды қабылдау туралы ұсыныс көтерген кәсіподақ құжатты әзірлеудің барлық кезеңінде барлық қол жетімді құқықтық әдістермен оған педагогикалық еңбек қызметкерінің жоғары әлеуметтік мәртебесін қамтамасыз ететін максималды нормаларды енгізуге қол жеткізді.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының жұмыс тобы құрамында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алаңында кәсіподақ заңгерлері ҚР Әлеуметтік кодексі, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Кәсіптік біліктілік туралы» заңдары жобаларымен жұмыс істеді.
Кәсіподақтың ұсыныстарын ескере отырып, «Мемлекеттік ұйымдар педагогтарының жалақысын есептеу қағидаларын бекіту туралы», «Педагогтарды аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарын бекіту туралы», «Бірінші басшылар мен педагог қызметкерлерді лауазымға тағайындау, қызметтен босату қағидалары», «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтарын лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидаларын бекіту туралы», «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялауды жүргізу қағидаларын бекіту туралы» сияқты заңға тәуелді салалық нормативтік құқықтық актілер пысықталып, бекітілді.
Кәсіподақ есепті кезеңде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бағытында бірқатар жұмыстар атқарды. Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғаудағы мәселелер әлі де өзекті.
2024 жылғы 1 қаңтарда еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі 8 023 өндірістік кеңесте 8 124 еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлар еңбек атқарып келеді.
Кәсіподақ органдары еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша оқытуды жүйелі түрде ұйымдастырып, өндірістік жарақаттану мен кәсіптік аурулардың алдын алу бойынша іс-шаралар өткізеді, еңбекті қорғауды басқару жүйесінің бірыңғай салалық тәсілдерін орындайды.
2022 жылы Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының «Еңбекті қорғау жөніндегі үздік техникалық инспектор» байқауы туралы жаңа Ереже бекітілді.
Техникалық инспекторларды оқытуға үлкен көңіл бөлінеді, тұрақты түрде семинарлар, тренингтер ұйымдастырылады. Кәсіподақтың Орталық Комитетінің ұйымдастыруымен еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторларға жыл сайын республикалық семинар-кеңес өткізіледі.
Кәсіподақтық оқыту Кәсіподақтың Атқару Комитетінің Қаулысымен бекітілген кәсіподақ кадрлары мен активтерін оқытуды ұйымдастыру жөніндегі ұсынымдарға сәйкес құрылды.
Сондай-ақ, Кәсіподақ кадрларын оқыту халықаралық семинарлар мен конференцияларға қатысу арқылы да қамтамасыз етіледі.
Кәсіподақтық оқытуда кәсіподақтың түрлі бағыттарын түсіндіру, кеңестер беру, сонымен қатар кәсіподақ ұйымдарының озық тәжірибесін жалпылауда бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет ресурстары кеңінен қолданылады.