САЛА МАМАНДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ
Ақтөбе облысының аудандарында Ұстаздар күніне арналған салтанатты шаралар өтті. Ұлағатты мамандық иелеріне құрмет көрсетілген мерекелік жиынға білім саласының өкілдері, ардагер ұстаздар, аудандық кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен сала қызметкерлері қатысты.
Салтанатты шара барысында білім беру саласында жемісті еңбек етіп, шәкірт тәрбиесіне елеулі үлес қосып жүрген үздік ұстаздар мен сала мамандары марапатталды.
Мереке аясында облыстық кәсіподақ ұйымының Құрмет грамоталары, аудандық білім бөлімдері мен аудандық кәсіподақ ұйымдарының бірлескен Алғыс хаттары, сондай-ақ аудан әкімінің марапаттары табысталды.
Ұстаздардың еңбегін бағалап, әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында аудандық кәсіподақ ұйымдары тарапынан бірқатар ынталандыру марапаттары ұсынылды. Үздіктерге шипажайларға және тарихи-танымдық саяхаттарға жолдамалар, қаржылай сертификаттар табысталды.
Жиында ұстаз еңбегінің қоғамдағы маңызы ерекше аталып, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі мұғалімдердің еңбегіне жоғары баға берілді.
Мерекелік шара соңы ұстаздарға арналған концерттік бағдарламамен жалғасты.
Ұстаздар күні – білім мен тәрбиенің шамшырағын жаққан жандарға алғыс білдіретін ерекше мереке. Ұлағатты ұстазға көрсетілген құрмет білімге, болашаққа және ұрпақ тәрбиесіне көрсетілген құрмет.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
-
Фото
-