БІЛІМ МЕН БІРЛІК БӘСЕКЕСІ
Кәсіподақтың қуаты тек еңбек адамының құқығын қорғаумен ғана емес, өз мүшелерін ортақ мақсатқа ұйыстырып, олардың білім-білігін, зияткерлік қабілеттерін дамытумен де өлшенеді. Осы ретте Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері жергілікті кәсіподағының ұйымдастыруымен «КӘСІПОДАҚ QUIZ» интеллектуалдық ойыны өтті. Қазақстан кәсіподақтары күні мен 25 қазан – Республика күні ұлттық мерекесіне орай кәсіподақ мүшелерінің зияткерлік әлеуетін таныту мақсатында өткен білім додасына облыстың әр өңірінен келген 19 команда қатысты.
Ойынның ашылуында Жергілікті кәсіподақ төрағасы Е.Мағзымбеков құттықтау сөз сөйлеп, зияткерлік бәсекенің кәсіподақ мүшелері арасындағы ынтымақтастықты нығайтудағы маңызын атап өтті.
- Бүгінгі басқосу білім мен біліктің, тапқырлық пен ұйымшылдықтың мерекесі. Кәсіподақ күші – бірлікте, ал бірліктің негізі ортақ мақсат пен өзара сенімде. Осындай зияткерлік ойындар әріптестеріміздің қабілетін шыңдап қана қоймай, өңірлер арасындағы байланысты нығайтып, жаңа бастамаларға жол ашады. Бүгінгі сайыста әр команда өз білімін көрсетіп, достық пен әділ бәсекенің үлгісін танытады деп сенемін. Баршаңызға сәттілік тілеймін!, – деді Е.Сәбенұлы.
Алты кезеңнен тұратын ойын бағдарламасы қатысушыларға жан-жақты білім мен ұшқыр ойды қатар қажет етті. «Викторина», «Медиа», «Қара жәшік», «Тақырып», «Қисын» және «Зерек» кезеңдерінде командалар түрлі бағыттағы сұрақтарға жауап беріп, өзара білім додасына түсті. Кино мен музыкаға қатысты тапсырмалар, Қазақстан тарихы мен кәсіподақ қозғалысына арналған сауалдар, логикалық есептер қатысушылардың алғырлығы мен бірлесе әрекет ету қабілетін айқындады.
Әр кезеңде командаларға уақыт шектеуі қойылып, жауаптардың дәлдігі мен жылдамдығы маңызды рөл атқарды. Ортақ шешімге келу, әріптестің пікірін тыңдау, уақытты тиімді пайдалану «КӘСІПОДАҚ QUIZ» ойынын жай ғана сұрақ-жауап сайысы емес, білім мен тапқырлықты, жылдам шешім қабылдау мен командалық үйлесімді сынға салған білім бәсекесіне айналды. Тартысты сайыстың қорытындысы бойынша жүлделі І орынды Жамбыл ауданының «Жамбыл IQ» командасы жеңіп алып, 100 000 тг сертификатқа ие болды. ІІ орынды Байзақ ауданының «Baizaq» командасы (80 000 тг), ал ІІІ орынды Тараз қаласының «Бірлік» командасы (60 000 тг) жеңіп алды.
Сонымен қатар, қатысушылардың өнері мен ойын барысындағы белсенділігін атап өту мақсатында Тараз қаласының «Еңбекші» командасы «Зерде» номинациясымен марапатталса, Шу ауданынан келген «SHU-star» командасы «Жігер», Жамбыл ауданының білім беру ұйымдарының директорларынан жасақталған «EDUBOSS» командасы «Зияткер» номинациясына ие болды. Барлық номинация жеңімпаздарына 40 000 тг сертификаттар табысталды.
Жамбыл облыстық ұйымы
-
Фотографии
-