ДУШАНБЕДЕГІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КЕЗДЕСУ
2026 жылғы 13-14 қазанда Салалық кәсіподақ төрағасы Айгүл Мұқашева бастаған қазақстандық делегация Душанбе қаласында өткен "Жасанды интеллект, цифрландыру және технологиялық инновациялардың білім беру саласындағы лайықты еңбекке ықпалы” тақырыбындағы халықаралық семинарға қатысты.
Халықаралық еңбек ұйымы мен Тәжікстанның білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымдастырған шарада Орта Азия, Әзірбайжан және Армения елдерінің кәсіподақ өкілдері жаңа технологиялардың педагогтардың еңбек жағдайына, кәсіби дамуына және еңбек құқықтарына ықпалын талқылады.
Семинар барысында Айгүл Мұқашева Қазақстанның білім беру саласындағы цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу тәжірибесімен бөлісті. Ол жаңа технологиялар педагогтердің еңбегін жеңілдетіп, кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтуі тиіс екенін, сонымен бірге олардың еңбек құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін сақтау маңызды екенін атап өтті.
Сапар аясында Тәжікстанның білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының 100 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиын өтті. Айгүл Мұқашева шетелдік делегациялар атынан сөз сөйлеп, тәжікстандық әріптестерін мерейтойымен, ел тәуелсіздігінің 35 жылдығымен және Кәсіподақтар күнімен құттықтады.
Халықаралық кездесудің басты түйіні - технологиялар өзгергенімен, кәсіподақтардың негізгі міндеті өзгермейді. Еңбек адамының құқығын қорғау, әлеуметтік диалогты нығайту және лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету қашанда басты назарда!
-
Фотографии
-