ЕҢБЕК ЗАҢНАМАСЫН САҚТАУ – БАСТЫ НАЗАРДА
Абай облысының Жаңасемей ауданында мектеп директорлары мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағаларына арналған құқықтық-түсіндіру семинары өткізілді. Семинарға Салалық кәсіподақтың Абай облыстық ұйымының құқықтық жұмыстар жөніндегі бас маманы Н.Абдулкаримова, Жаңасемей аудандық филиалының төрағасы А.Тасжүреков, Жаңасемей ауданы білім бөлімінің басшысы А.Бахтина қатысты.
Семинардың негізгі мақсаты – білім беру ұйымдарында еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету, әлеуметтік әріптестікті дамыту және кәсіподақ мүшелерінің құқықтық сауаттылығын арттыру.
Іс-шара барысында Нұргүл Назарбекқызы ұжымдық шарттарды әзірлеу және жүзеге асыру тәртібі, еңбек шарттарының ерекшеліктері, қызметкерлердің еңбек құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктері, еңбек дауларын шешу жолдары және кәсіподақ қызметіне қатысты өзекті құқықтық мәселелер жөнінде жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Семинарға қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты әрі толық жауаптар алды. Кездесу барысында білім беру ұйымдарындағы құқықтық мәселелерді шешудің тиімді жолдары талқыланып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасалды.
Шара соңында мектеп директорлары мен кәсіподақ ұйымдарының төрағалары ұйымдастырылған семинардың маңыздылығын атап өтіп, кәсіподақ тарапынан көрсетіліп отырған құқықтық қолдау мен әдістемелік көмек үшін алғыстарын білдірді.
Осындай кездесулер алдағы уақытта да жалғасып, білім беру саласы қызметкерлерінің құқықтарын қорғау және әлеуметтік әріптестікті нығайту бағытында жүйелі түрде өткізілетін болады.
Абай облыстық ұйымының Жаңасемей аудандық комитеті
-
Фотографии
-