АСТАНАДА ҚҰҚЫҚТЫҚ ҚЫЗМЕТ МАМАНДАРЫНЫҢ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СЕМИНАР-КЕҢЕСІ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ
2026 жылғы 27-28 сәуір күндері Астана қаласында Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының ұйымдастыруымен құқықтық қызмет мамандарының екі күндік республикалық семинар-кеңесі өтті. Шара барысында еңбек заңнамасын жетілдіру, құқық қорғау қызметін цифрландыру және жұмыскерлердің мүдделерін қорғаудың жаңа тетіктері жан-жақты талқыланды.
Семинарға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Еңбек заңнамасы басқармасының басшысы Жанболат Камалиевич Мукушев қатысты. Ол еңбек заңнамасының сақталуы бойынша 2026 жылдың І тоқсанындағы салалық статистикамен бөлісіп, кәсіподақтармен бірлесіп жұмысшылардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктерін атап өтті. Атап айтқанда, есепті кезеңде 16 мыңнан астам өтініш қаралып, 17,5 мың адамның құқығы қорғалған.
Сот практикасы мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Семинар жұмысына Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Тайбағарова Гүлжамал Меңдіғалиқызы және Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Шарапатова Гүлдана Сермағанбетқызы қатысты. Судьялар корпусы өкілдерінің қатысуы семинар мүшелеріне еңбек дауларын қараудың және жұмыскерлердің құқықтарын сот тәртібімен қорғаудың өзекті мәселелерін талқылауға мүмкіндік берді.
Жамбыл облыстық ұйымының құқықтық қызмет жетекшісі Әлия Игенбайқызы Жолшыбекова кәсіподақ мүшелерінің мүдделерін сотта қорғау бойынша өңірдегі сәтті кейстер туралы баяндады. Ол 2025 жылы 31 сот процесіне қатысқанын, нәтижесінде кәсіподақ мүшелерінің пайдасына оң шешімдер шығарылғанын, оның ішінде 288 бухгалтердің мүддесін қорғау бойынша нәтижелі жұмыстарын атап өтті. Ол 2025 жылы өңірде 31 сот процесіне қатысып, нәтижесінде кәсіподақ мүшелерінің пайдасына оң шешімдер шығарылғанын, оның ішінде 288 бухгалтердің мүддесін қорғау бойынша сәтті кейстерін баяндады.
Сонымен қатар, Қызылорда облыстық ұйымының заңгері Хамит Муратович Тарбаков өз өңіріндегі жұмыс тәжірибесімен бөлісті: өткен жылы 1200-ден астам құқықтық көмек көрсетіліп, жұмыскерлерге 574 млн теңгеден астам қаражат қайтарылған.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің аға оқытушысы, PhD докторы Айнагүл Дүйсембиевна Бекебаева кәсіподақ заңгерлеріне арналған «Жасанды интеллект (ЖИ) құралдарын қолдану» тақырыбында интенсив-тренинг өткізді. Қатысушылар халықаралық тәжірибемен танысып, құқықтық құжаттарды дайындау мен келісімшарттардағы тәуекелдерді ЖИ көмегімен талдаудың практикалық дағдыларын меңгерді.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институты бас директорының орынбасары Әлімжан Бауыржанұлы Бекмағамбетов қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін көтерді. Ол кәсіптік тәуекелдерді бағалау (ОПР) жүйесіне көшу және зиянды еңбек жағдайларында істейтін қызметкерлерге әлеуметтік кепілдіктер берудің жаңа стандарттары туралы маңызды ақпараттармен бөлісті.
2025 жылдың қорытындысы бойынша салалық байқаулардың жеңімпаздары салтанатты түрде марапатталды:
«Кәсіподақтың үздік еңбек инспекторы» байқауы:
I орын: Александр Львович Алимпиев (Ақтөбе облыстық ұйымы);
II орын: Ғазиз Ермаханұлы Оспанов (Жамбыл облыстық ұйымы);
III орын: Хамит Мұратұлы Тарбақов (Қызылорда облыстық ұйымы);
«Еңбекті қорғау жөніндегі үздік техникалық инспекторы» байқауы:
Мектепке дейінгі, жалпы орта, қосымша білім беру ұйымдары арасында:
I орын: Мадияр Русланович Кыдырбеков («№ 8 жалпы орта білім беретін мектебі» КММ, Көкшетау қаласы);
II орын: Валентина Юрьевна Микеладзе («Мағжан Жұмабаев ауданының білім бөлімі» КММ, СҚО);
III орын: Мөлдір Жарқынбекқызы Жақсылық («Сақтапберген Әлжіков атындағы №144 орта мектебі» КММ, Қызылорда қаласы).
Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының, ғылым ұйымдарының, жоғары оқу орындарының арасында:
I орын: Марал Кансултанович Биржанов («Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжі» МКҚК, Ақтөбе облысы);
II орын: Бауыржан Кумаргалиевич Ильясов («Жоғары техникалық колледжі» МКҚК, Щучинск қаласы);
III орын: Нуртуган Шымырбекович Асанов («Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжі» КМҚК, Қызылорда облысы).
Семинар қатысушылары алдағы кезеңге арналған құқық қорғау қызметінің басым бағыттарын айқындап, өзара тәжірибе алмасудың жоғары тиімділігін атап өтті.
Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағы Орталық комитеті аппаратының құқықтық жұмыс, әлеуметтік әріптестік, қауіпсіздік және еңбекті қорғау бөлімі