«DIGITAL KASIPODAQ: КӨШБАСШЫЛЫҚ СТРАТЕГИЯСЫ» ФОРУМЫ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ
Үш күнге созылған форум жұмысы мазмұнды іс-шараларға, тәжірибе алмасуға және рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталды.
Бағдарлама аясында Өңірлік жастар кеңестерінің төрағалары Павлодар қаласынан Баянауыл өңіріне жол тартып, «Рухани мұра – жастар тірегі» тақырыбындағы танымдық экскурсияға қатысты. Делегация мүшелері Мәшһүр Жүсіп кесенесіне және Қаныш Сәтбаев атындағы музейге барып, ұлттық тарих пен рухани мұраның маңызын тереңінен сезінді.
Мәшһүр Жүсіп кесенесіне тағылымды сапардан кейін форум қатысушылары игі іске ұйытқы болды. Жас ұстаздар кесене аумағында тазалық жұмыстарын жүргізіп, қоршаған ортаға жанашырлықтың жарқын үлгісін көрсетті.
Бұл бастама елімізде кеңінен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында ұйымдастырылды.
Одан әрі Екібастұз қаласына барып, бірқатар мазмұнды алаңдарға қатысты. «Самғау» балалар шығармашылық орталығында өткен презентациялық сессияда өңірлік тәжірибелер ұсынылып, жас педагогтардың кәсіби дамуындағы өзекті мәселелер талқыланды.
Сонымен қатар, Павлодар облысының Ақпараттық технологиялар колледжінде «ІТ-жастар: болашаққа қадам» презентациясын тамашалады.
Жас мамандар Жасанды интеллект жылына орай «Ғылым, жасанды интеллект және кәсіподақ: өзара іс-қимылдың жаңа моделі», «Білім беруді трансформациялаудағы жасанды интеллект: оқытуды жекелендіруден цифрлық контент әзірлеуге дейін», «Жасанды интеллект негізінде мектеп менеджментіндегі инновациялық тәсілдер» тақырыптарында ақпараттар тыңдап, тағылымды мәліметтер алды.
Форум аясындағы әрбір іс-шара қатысушылардың кәсіби және тұлғалық дамуына серпін беретіні сөзсіз.
Аталған шараны жоғары деңгейде өткізуге және тәжірибе алмасуға ықпал еткен Салалық кәсіподақтың Павлодар облыстық ұйымына және арнайы ұйым төрағасы Гүлбарам Әуезханқызы Науразбаеваға өңірлерден келген барша жастардың атынан алғысымызды білдіреміз!
-
Фотографии
-