ЖАС ҰСТАЗДАР ЖАЗҒЫ ЛАГЕРЬ АЛАҢЫНДА
27-28 тамыз аралығында Шығыс Қазақстан облысы оқу-ағарту, жоғары білім, ғылым және басқа бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының ұйымдастыруымен Жас ұстаздардың І жазғы лагері өтті.
Ауқымды шараның басты мақсаты – жас педагогтардың кәсіби және тұлғалық дамуына жан-жақты жағдай жасау, тәжірибе алмасу алаңын құру, кәсіподақ қозғалысын жаңа деңгейге көтеру және заманауи көшбасшылардың жаңа буынын қалыптастыру.
1-күн: Кәсіби даму және интеллектуалдық алаң
Лагерьдің салтанатты ашылу рәсімінде облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Назгүл Қасенова, ШҚО Жастар ресурстық орталығының директоры Айдос Әділбеков және «Шығыс Қазақстан облысы Кәсіподақтар Орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Айжан Игасанова құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ кәсіподақ ұйымының спикерлері кәсіподақ қызметінің негізгі бағыттары, құқықтық сауаттылық, жас ұстаздардың еңбек құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері төңірегінде салмақты ақпарат берді.
Бағдарлама аясында өткен шеберлік сыныптары мен тренингтер:
✓ Өскемен қаласы «Оралхан Бөкей атындағы №44 лицей» КММ оқытушысы Қуаныш Бақытжанұлы білім беру процесінде жасанды интеллект (ЖИ) құралдарын тиімді қолданудың қыр-сырымен бөлісті.
✓ Өскемен қаласындағы «Оралхан Бөкей атындағы №44 лицей» КММ өкілі Зарина Есенжарова «Көшбасшылық және командалық жауапкершілік» тақырыбында интерактивті тренинг өткізді.
✓ Алтай қаласынан келген Андрей Шабалин «Білім беру процесіндегі музыкотерапия» және Риддер қаласының өкілі Азамат Сембайұлы «Мектептегі волонтерлік арқылы әлеуметтік жауапкершілікті дамыту» бағыттары бойынша өздерінің озық тәжірибелерін таныстырды.
Бірінші күннің қорытындысы ретінде Жасұлан Қамбаровтың жетекшілігімен «JAS QUIZ» интеллектуалдық ойыны өтті. Тартысты өткен сайыста жас мамандар өздерінің білім өресі мен тапқырлығын сарапқа салды.
2-күн: Командалық рух және белсенді демалыс
Лагерьдің екінші күні Ұлан ауданы, Қ. Қайсенов кентіндегі демалыс аумағында табиғат аясында жалғасты. Сергіту энерджайзерінен кейін қатысушылар «Кәсіподақ жолы: бірлік және стратегия» атты тоамадалық ойындарға қатысып, ұйымшылдық пен әріптестік рухты нығайта түсті.
Бағдарлама соңы «LEISURE TIME» еркін уақытына ұласып, жазғы лагерьдің салтанатты жабылу рәсімімен аяқталды. Іс-шара барысында белсенділік танытқан жас ұстаздар арнайы марапаттар мен алғыс хаттарға ие болды.
Екі күнге созылған І жазғы лагерь жас педагогтар үшін жай ғана демалыс пен тренингтер алаңы емес, жаңа идеялар мен әріптестік байланыстар тоғысқан маңызды платформаға айналды.
Ұйымдастырылған ауқымды шарадан төмендегідей негізгі тұжырымдар жасауға болады:
✓ Жасанды интеллект құралдарын білімге енгізу, музыкотерапия және мектеп волонтерлігі сияқты инновациялық тәсілдерді талқылау жас мамандардың кәсіби көкжиегін кеңейтіп, заманауи трендтерді меңгеруіне серпін берді.
✓ Кәсіподақ ұйымы тарапынан берілген құқықтық кеңестер жас ұстаздардың өз еңбек құқықтарын, қауіпсіздік талаптарын терең түсінуіне және өздерін кәсіби ортада сенімді сезінуіне жол ашты.
✓ Интерактивті тренингтер мен «JAS QUIZ», «Кәсіподақ жолы: бірлік және стратегия» ойындары қатысушылардың көшбасшылық қабілетін шыңдап, әртүрлі аудан-қалалардан келген ұстаздар арасындағы белсенді желілік байланысты (networking) қалыптастырды.
✓ Бұл бастама облыстағы жас мамандардың әлеуетін біріктіріп, белсенді, бастамашыл әрі жауапкершілікті жоғары ту ететін заманауи жас көшбасшылар корпусын құруға берік негіз қалады.
Шығыс Қазақстан облыстық кәсіподақ ұйымының бұл бастамасы жас педагогтарға сарқылмас энергетика, жаңа идеялар мен мол тәжірибе сыйлады. Лагерьден алған серпін ұстаздардың алдағы оқу жылындағы шығармашылық жұмысына, сапалы білім беруіне және кәсіподақ қозғалысын дамытуына жаңа дем берері сөзсіз. Жас ұстаздардың жазғы лагерін дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіп тұру – аймақтың білім беру саласын дамытудағы ең тиімді де нәтижелі жобалардың біріне айналатынын дәлелдеді.
Шығыс Қазақстан облыстық ұйымы
-
Фото
-