РЕСПУБЛИКА КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА ӨҢІРЛІК УНИВЕРСИТЕТ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Республика күні қарсаңында Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының өкілдері Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессор-оқытушылар құрамымен кездесті. Жиында қызметкерлерді ынталандыру, әлеуметтік қолдау және еңбек құқықтарын қорғау мәселелері талқыланды.
Облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Р.Серікова соңғы үш жылда университеттің 80-ге жуық қызметкеріне жалпы сомасы 4 миллион теңгеге жуық ақшалай сыйақы берілгенін атап өтті. Сондай-ақ кәсіби жетістіктері үшін қызметкерлер түрлі марапаттарға ие болып, ақшалай сыйақылар мен шипажайларға жолдама алған.
Басқосу барысында университеттің 11 оқытушысына Ғылым және жоғары білім министрлігінің марапаттары табысталды. Сонымен қатар мерейлі жас иесіне Сарыағаш шипажайына жолдама берілді. Халықаралық ғылыми ынтымақтастық аясында екі оқытушы қараша айында Түркияның Анталья қаласында өтетін инженерлік ғылымдар мен жаратылыстану бағытындағы халықаралық ғылыми конгреске қатысуға мүмкіндік алды.
Еңбек құқықтарын қорғау мәселесіне ерекше назар аударылды. Р.Серікова кәсіподақтың құқықтық көмегімен шешілген еңбек дауларына мысалдар келтірді. Атап айтқанда, өткен жылы еңбек шарты заңсыз мерзімінен бұрын тоқтатылған кәсіподақ мүшесіне 424 мың теңге өндіріліп берілген. Сондай-ақ оқытушы лауазымына орналасу конкурсының нәтижесінде еңбек шарттары бұзылған үш қызметкер кәсіподақтың құқықтық қолдауымен жұмыс орындарына қайта орналастырылған. Оларға мәжбүрлі жұмыссыздық кезеңі үшін жалпы сомасы 1 миллионнан астам қаражат төленген.
Сөз соңында Р.Серікова білім мен ғылым саласының дамуына үлес қосып жүрген қызметкерлерге алғысын білдірді.
Кәсіподақтың әлеуметтік қолдау шаралары да таныстырылды. Қызметкерлерге денсаулығына, отбасылық жағдайына және төтенше жағдайларға байланысты материалдық көмек көрсету, шипажайларға жолдама беру және кәсіби жетістіктерін ынталандыру ұйым жұмысының негізгі бағыттары ретінде аталды.
Кездесуде кәсіподақ заңгері Н.Жетпісбай келісу комиссиясының мүшелеріне еңбек дауларының туындау себептері, оларды қарау тәртібі және еңбек қауіпсіздігі талаптары бойынша түсіндірме берді. Ол дауларды шешу кезінде заң нормаларын сақтап, тараптардың құқықтары мен мүдделерін ескеру қажеттігін атап өтті.
Өз кезегінде ұйым заңгері А.Алимпиев ұжымдық шарттың қызметкерлердің еңбек құқықтары мен әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғаудағы маңызын түсіндірді. Оның айтуынша, ұжымдық шарт еңбек жағдайларын жақсартуға, жұмыс беруші мен қызметкерлердің міндеттемелерін нақтылауға және әлеуметтік әріптестікті дамытуға мүмкіндік береді.
Кәсіподақ заңгерлері университет қызметкерлеріне еңбек шарттары, жалақы төлемдері, еңбек құқықтарының сақталуы және еңбек дауларын шешу тәртібі бойынша құқықтық кеңес беруге дайын екенін жеткізді.
Шараға кәсіподақ активі және факультеттердің кәсіподақ өкілдері қатысты. Кездесу қатысушыларға еңбек қатынастарына қатысты мәселелерді талқылап, құқықтық түсініктемелер алуға мүмкіндік берді.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
-
Фото
-