АТҚАРУ КОМИТЕТІ КӘСІПОДАҚ ОҚЫТУЫН ДАМЫТУ, ЦИФРЛАНДЫРУ ЖӘНЕ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ БОЙЫНША МАҢЫЗДЫ ШЕШІМДЕР ҚАБЫЛДАДЫ
Астана, 2026 жылғы 9 шілде – Бүгін Кәсіподақ басшылығының төрағалығымен Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы Атқару комитетінің кезекті отырысы өтті.
Отырыс барысында Кәсіподақ қызметінің негізгі бағыттары қаралды: кәсіподақ оқытуын ұйымдастыру, мүшелерді есепке алуды цифрландыру, қызметкерлерді құқықтық қорғау және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету.
Негізгі шешімдер:
• Кәсіподақ оқытуы және үздік тәжірибелер. Атқару комитеті Павлодар облыстық ұйымының («KASIPODAQ Creative HUB», «Digital Kasipodaq», Әлеуметтік-еңбек қатынастарын зерттеу орталығы) және Алматы қалалық «Ұстаз» кәсіподағының («Шаг навстречу», «Edu Legal», «Голос учителя» жобалары) табысты тәжірибесін қолдап, таратуға ұсынды. Мүшелік ұйымдарға заманауи цифрлық құралдарды, чат-боттарды, мобильдік қосымшаларды, ішкі тренерлерді даярлау бағдарламаларын және кәсіподақ менторлығы институтын енгізу ұсынылды.
• Солтүстік Қазақстан облысындағы жұмысты талдау. Кәсіподақ оқытуымен қамтудың оң динамикасы атап өтілді. Облыстық ұйым басшылығына кәсіподақ оқуын ұйымдастыруға қаражат бөлу бойынша қаржылық нормативтердің орындалуын қамтамасыз ету, blended (аралас) және модульдік оқытуды енгізу, Жасанды интеллект (ЖИ) элементтері бар онлайн-платформаны іске қосу, практик-лекторлар пулын қалыптастыру және 2026-2028 жылдарға арналған кешенді оқыту жоспарын бекіту тапсырылды.
• Кәсіподақ мүшелерінің бірыңғай тізілімі. «Бірыңғай тізілім» АЖ-ға 123 038 кәсіподақ мүшесінің мәліметтері сәтті жүктелді. Қызылорда, Ақтөбе, Абай облыстары мен Алматы қаласының ұйымдары жоғары жауапкершілік танытты. Атқару комитеті бірқатар өңірлерде алғашқы мәліметтердің сапасы жеткіліксіз екенін атап өтті. Мүшелік ұйымдардың жетекшілеріне бастауыш ұйымдарға есепке алудың алғашқы мәліметтерін дайындау бөлігінде бақылау мен әдістемелік көмекті күшейту тапсырылды.
• Қызметкерлерді құқықтық қорғау. 2025 жылы кәсіподақ мүшелерінің 36 633 өтініші қаралды. Кәсіподақ заңгерлерінің жұмысы арқасында заңсыз ұсталған немесе төленбеген 1,595 миллиард теңгеден астам қаражат қайтарылды. Кәсіподақтың құқықтық қызметі жұмысының экономикалық тиімділігі шамамен 4,5 миллиард теңгені құрады. Заңсыз жұмыстан шығарылған және бұрынғы жұмысына қайта орналастырылған қызметкерлердің, сондай-ақ заңсыз жұмыстан босатудың алды алынған жағдайлардың саны артты. Атқару комитеті еңбекақы төлеу және еңбек қатынастарын ресімдеу мәселелері бойынша қоғамдық бақылауды күшейтуді, практикалық жұмысқа Жасанды интеллектіні белсенді енгізуді тапсырды.
• Еңбекті қорғау және қауіпсіздік. Өндірістегі қауіпсіздік және еңбекті қорғау бойынша 8 439 өндірістік кеңес құрылып, 8 548 техникалық инспектор жұмыс істеуде. 2 000-нан астам заң бұзушылық анықталып, жойылды. Сонымен қатар, бірқатар өңірлерде бақылау әлі де үстірт жүргізіліп, тексеру жиілігі төмен күйінде қалып отыр. 25 жазатайым оқиға тіркелді, оның ішінде 2 жағдай өліммен аяқталды. Атқару комитеті еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі (ЕҚжЕҚ) бойынша техникалық инспекторларды оқыту сапасын арттыру, профилактиканы күшейту және бұл жұмысқа цифрлық технологияларды енгізу бойынша міндеттер қойды.
Отырыс қорытындысы бойынша кәсіптік одақтың ең үздік мүшелерін марапаттау туралы шешім қабылданды.
Қабылданған барлық қаулылар кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, кәсіподақ органдары жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған.
--
Кәсіподақтың баспасөз қызметі
-
Фото
-