МЫҚТЫ МЕКТЕП ЗАҢДЫЛЫҚ ПЕН ӘДІЛЕТТІЛІКТЕН БАСТАЛАДЫ
2026 жылғы 13 мамырда Павлодар қаласындағы Ж. Тәшенев атындағы мектептің базасында қаланың жалпы білім беру мектептерінің Келісу комиссиялары мүшелеріне арналған еңбек дауларын қарау және еңбек заңнамасын қолдану мәселелері бойынша оқыту семинары өтті.
Семинар жұмысын Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының Павлодар облыстық ұйымының төрағасы Науразбаева Гүлбарам Әуезханқызы сөз сөйлеп ашып, Келісу комиссияларының қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғаудағы және ұжымдағы тұрақты ахуалды сақтаудағы маңызды рөлін атап өтті.
«Келісу комиссиясы: еңбек дауларын қарау тәртібі» тақырыбында қоғамдық бірлестіктің құқықтық мәселелер жөніндегі бас маманы Жаркенова Гүлшат Оралқызы дәріс оқыды.
Оқыту барысында қатысушылар теориялық мәселелерді талқылап қана қоймай, білім беру ұйымдарының күнделікті жұмысында кездесетін нақты тәжірибелік кейстерді де қарастырды. «Сұрақ-жауап» форматы мен өмірлік кейстерді талдау қатысушыларға қолданыстағы заңнама аясында шешім қабылдаудың практикалық дағдыларын меңгеруге мүмкіндік берді.
Әсіресе тәртіптік жаза қолдану, еңбек дауларын қарау мерзімдері, комиссия шешімдерінің орындалуы және тараптардың тең өкілдігі қағидатын сақтау бойынша ситуациялық тапсырмалар үлкен қызығушылық туғызды.
Семинар соңында барлық қатысушыларға Келісу комиссиясы мүшелерін оқыту курсынан өткені туралы сертификаттар табысталды.
Аталған семинар мектеп ұжымдарымен жұмыс барысында маңызды мәселелерді тиімді шешуге және еңбек заңнамасын тәжірибеде сауатты қолдануға өз көмегін тигізеді деп сенеміз.
Барлық әріптестерге белсенді қатысқандары, кәсіби диалог пен құқықтық сауаттылықты арттыруға деген қызығушылықтары үшін алғыс білдіреміз!
Павлодар облыстық ұйымы
-
Фото
-