ҮЗДІК ҰСТАЗДАРМЕН ОНЛАЙН КЕЗДЕСУ
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының өкілдері білім беру саласында жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, кәсіби шеберлігімен ерекшеленген үздік ұстаздармен онлайн кездесу өткізді.
Онлайн жиынға кәсіподақ ұйымының аппарат мүшелері, кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, сондай-ақ білім мен ғылым саласында елеулі жетістіктерге қол жеткізген педагогтар қатысты.
Кездесу барысында Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Р.Серікова ұстаздардың жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі еңбегіне ерекше тоқталып, олардың кәсіби қызметіне алғысын білдірді.
«Ұстаз еңбегі – ұлт болашағына салынған инвестиция. Білім беру саласының дамуына үлес қосып жүрген педагогтарды қолдау, олардың жетістіктерін бағалау және еңбек адамын құрметтеу – кәсіподақ ұйымының маңызды міндеттерінің бірі», – деп атап өтті Р.Серікова.
Жиын аясында үздік ұстаздарға еңбектерін ынталандыру және кәсіби жетістіктерін қолдау мақсатында арнайы сертификаттар табысталды.
Бұл – кәсіподақ мүшелерінің табанды еңбегіне көрсетілген құрметтің, кәсіби жетістіктеріне берілген лайықты бағаның белгісі. Сонымен қатар мұндай қолдау ұстаздардың мерейін үстем етіп, алдағы уақытта да білім сапасын арттыруға, жаңа белестерді бағындыруға ынталандырады.
Онлайн кездесуде білім қызметкерлерінің құқықтық сауаттылығын арттыру мәселесіне де назар аударылды. Кәсіподақ заңгері Н.Жетпісбай еңбек даулары, олардың туындау себептері және дауларды келісу комиссиясында қарау тәртібі жөнінде түсіндірме берді.
Н.Жетпісбай еңбек қатынастары барысында туындауы мүмкін келіспеушіліктерді заң аясында шешудің маңыздылығын атап өтіп, қызметкерлердің еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға қатысты мәселелерді түсіндірді.
Кездесу білім саласы қызметкерлерінің еңбегін бағалау, олардың құқықтық білімін жетілдіру және кәсіподақ ұйымы мен педагогтар арасындағы өзара байланысты нығайту бағытындағы маңызды басқосу болды.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
-
Фотографии
-