АҚТӨБЕЛІК ҰСТАЗ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУДЫҢ ЖҮЛДЕГЕРІ АТАНДЫ
Ақтөбе облысының білім беру саласы тағы бір жетістікпен толықты. Павлодар қаласында теміржол саласы бойынша өткен республикалық кәсіби шеберлік конкурсында Ақтөбе көлік, байланыс және жаңа технологиялар колледжінің арнайы пәндер оқытушысы, кәсіподақ мүшесі Светлана Түменбаева III орын иеленді.
Байқауға еліміздің техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында еңбек ететін педагогтар қатысып, өздерінің кәсіби даярлығы мен тәжірибесін ортаға салды. Мұндай сайыстар оқытушылардың біліктілігін шыңдап қана қоймай, саладағы озық тәжірибелерді бөлісуге және білім беру сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Светлана Түменбаеваның жүлделі орынға ие болуы — оның кәсіби ізденісі мен өз ісіне деген жауапкершілігінің нәтижесі. Сонымен қатар бұл жетістік өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беру саласында еңбек етіп жүрген педагогтардың әлеуетін көрсетеді.
Жүлдегерді лайықты нәтижесімен құттықтаймыз! Алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, кәсіби табыстарыңыз арта берсін!
Ақтөбе облыстық кәсіподағы