ҮРЖАРДА КӘСІПОДАҚ ЖАСТАРЫНЫҢ ЖҰМЫС КЕЗДЕСУІ ӨТТІ
15 қазанда Б.Тұрлыханов атындағы мектеп-бақшасында Үржар ауданындағы кәсіподақ жастарының қатысуымен мазмұнды кездесу ұйымдастырылды. Басқосудың негізгі мақсаты – жас мамандардың кәсіподақ қызметіне деген қызығушылығын арттыру, олардың еңбек құқықтары жөніндегі білімін жетілдіру және жастар арасындағы ынтымақтастықты нығайту.
Іс-шараға Абай облыстық кәсіподақ ұйымының ұйымдастыру жұмыстары бойынша бас маманы Ұ.Воказе, Үржар аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Ж.Жыңғылбаев және ауданның кәсіподақ жастары қатысты.
Кездесу барысында кәсіподақ ұйымының қоғамдағы орны мен атқаратын қызметі, еңбек қатынастарындағы қызметкерлердің құқықтары, әлеуметтік кепілдіктер, әлеуметтік әріптестік және жастардың ұйым жұмысындағы белсенділігі кеңінен сөз болды. Сонымен қатар жас мамандардың кәсіби дамуына қолдау көрсету, олардың бастамаларын жүзеге асыру және алдағы жоспарларды бірлесе талқылау мәселелеріне басымдық берілді.
Ұлжан Ернарқызы кәсіподақ жұмысының негізгі бағыттарына тоқталып, жастар үшін маңызды ақпараттармен бөлісті. Ал Жанболат Жұмаділұлы аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан жұмыстар туралы айтып, жастардың кәсіподақ қозғалысына белсенді араласуының маңыздылығын атап өтті.
Жиын ашық пікір алмасу форматында жалғасып, қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныстарын ортаға салды. Өзара тәжірибе алмасу арқылы жастар кәсіподақ қызметінің мүмкіндіктері мен алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар жөнінде ой бөлісті.
Мұндай кездесулер жастардың кәсіби және қоғамдық белсенділігін арттыруға, олардың құқықтық сауаттылығын дамытуға және кәсіподақ ұйымының жұмысын жаңа бастамалармен толықтыруға жол ашатын маңызды алаң. Ең бастысы, мұндай басқосулар жастарды ортақ мақсатқа жұмылдырып, өзара қолдау мен бірлікті нығайтады. Жас мамандарды біріктіру және тиімді бастамаларды іске асыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады.
Абай облысы Үржар аудандық кәсіподақ ұйымының жастар кеңесі
-
Фотографии
-