ОТАНҒА ҚЫЗМЕТ - ҰСТАЗДЫҢ ҰЛЫ МҰРАТЫ
Дәулетияров Марал Елешұлы — жас ұрпаққа әскери білім мен тәрбие беріп келе жатқан тәжірибелі ұстаз, әскери-патриоттық бағыттағы жұмыстардың білікті ұйымдастырушысы.
Марал Дәулетияров 1963 жылғы 22 желтоқсанда Ақтөбе облысы Қобда ауданының Абдыбұлақ ауылында дүниеге келген. Ауылда білім алып, 1981 жылы мектепті тәмамдады. 1982–1984 жылдары Отан алдындағы азаматтық борышын әскери қызметте өтеп, елге оралған соң білімін жалғастырды. 1985–1989 жылдары Қарағанды қаласында кәсіби білім алып, кейін Ақтөбе педагогикалық институтында оқып, дене шынықтыру мамандығын меңгерді.
Еңбек жолын Сарбұлақ мектебінде бастап, 2000 жылдан бері Қобда ауданының Талдысай орта мектебінде бастапқы әскери даярлық пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарып келеді. Ұстаз сабақ барысында әскери білім мен практикалық дағдыларды үйретумен қатар, оқушылардың бойына Отанға деген сүйіспеншілік, тәртіп, жауапкершілік және азаматтық парыз ұғымдарын сіңіруге ерекше мән береді.
Марал Дәулетияровтың жетекшілігімен Талдысай мектебінің оқушылары облыстық әскери-патриоттық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып келеді. 2023 жылы «Әскери іске дайын бол» облыстық жарысында I орын, ал 2024 жылы «Әлия – батыр қызы сен халқымның» жарысында II орын иеленді.
Ұзақ жылғы еңбегі еленіп, Марал Дәулетияров «Авиация генерал-майоры Талғат Бигелдинов», «Қазақстан патриоты», «Армия генералы С.Қ.Нұрмағамбетов» медальдарымен және бірқатар Алғыс хаттар мен Дипломдармен марапатталған. Сонымен қатар педагогикалық тәжірибесімен бөлісіп, халықаралық семинарда спикер ретінде де танылды.
Марал Дәулетияровтың еңбек жолы әскери қызмет пен ұстаздықты ұштастыра отырып, елін сүйетін, жауапты әрі отансүйгіш ұрпақ тәрбиелеуге арналған өнегелі жол. Оның еңбегінің ең үлкен жемісі — шәкірттерінің жетістігі мен жүрегіне сіңірген азаматтық тәрбиесі.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
-
Фотографии
-