САЛТАНАТТЫ ШАРА ӨТТІ
Жетісу облысында Мұғалімдер күні мен Кәсіподақтар күніне орай «Ұстазға тағзым – еңбекке құрмет» атты салтанатты қабылдау өтті. Тағылымды шараны «Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.
Салтанатты шараға облыстың білім беру саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан ардагер ұстаздар, педагогтар, аудандық және қалалық филиалдардың төрағалары, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері мен кәсіподақтың белсенді мүшелері қатысты. Мерекелік жиынға 100-ге жуық адам жиналып, ұстаз еңбегін ұлықтап, кәсіподақ қозғалысының белсенді өкілдеріне құрмет көрсетті.
Мерекелік қабылдауда облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы М.Төлепбергенов ұстаздық еңбектің қоғам дамуындағы маңызына ерекше тоқталып, білім беру саласында қажырлы еңбек етіп жүрген мамандарға жылы лебізін білдірді.
Мерекелік жиында білім саласының үздік қызметкерлері мен кәсіподақ қозғалысына белсенді атсалысып жүрген азаматтар марапатталды. Атап айтқанда, «Кәсіподақ ардагері», «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін», «Еңбек адамы», «Құрметті ардагер», «Үздік маман» төсбелгілері мен Құрмет грамоталары табысталды.
Марапат иелерінің әрқайсысы – өз ісіне адалдығымен, кәсіби білімімен және қоғамдық белсенділігімен ерекшеленген азаматтар. Олардың арасында білім саласында талай жыл еңбек етіп, бірнеше буын шәкірт тәрбиелеген ардагер ұстаздармен қатар, кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жандандыруға үлес қосып жүрген белсенді мүшелер де бар.
Салтанатты қабылдау барысында әлеуметтік әріптестіктің де маңызы атап өтілді. Жетісу облысы білім басқармасы басшысының орынбасары А.Солтанбеков сөз сөйлеп, ұстаздарды мерекемен құттықтады. Білім беру саласының тұрақты дамуы мен еңбек ұжымдарындағы қолайлы ахуалды қалыптастыруда жұмыс беруші, кәсіподақ және қызметкер арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықтың орны айрықша екені айтылды.
Мерекелік шараның мазмұнын өнерпаздардың концерттік бағдарламасы толықтырды. Қ.Байсейітов атындағы Талдықорған саз колледжінің өнерпаздары мен Оқушылар сарайының шығармашылық тәрбиеленушілері ән айтып, би билеп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Өнер мен еңбекті ұштастырған кеш қатысушыларға ерекше әсер қалдырды.
Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім
қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағының баспасөз қызметі
-
Фотографии
-