ҰЛАҒАТТЫ ЕҢБЕККЕ – ЛАЙЫҚТЫ ЛЕБІЗ
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының Біріккен комитеті филиалының ұйымдастыруымен қазан айында қатар келген қос мереке – Мұғалімдер күні мен Қазақстан кәсіподақтары күні мерекелеріне арналған салтанатты жиын өтті.
Мерекелік іс-шараға Біріккен кәсіподақ комитетінде мүшелікпен қамтылған білім басқармасына қарасты қосымша білім беру мекемелері, колледждер мен интернаттар, арнайы білім беру мекемелерінің басшылары мен бастауыш кәсіподақ ұйымының жетекшілері қатысты.
Жиынды Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Бахтияр Қараулов ашып, ұстаздар қауымын қос мерекемен құттықтады.
- Мұғалімдердің төл мерекесімен қатар келген Қазақстан кәсіподақтары күнін де атап өтудеміз. Бұл басқосу еңбек адамының мәртебесін арттырып, ұстаздың қадірін ұлықтайтын, кәсіподақ ұйымдарының бірлігі мен беделін айқындайтын мәні зор, маңызы биік іс-шара, – деді Бахтияр Сайлаубекұлы.
Сонымен бірге еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, кәсіподақ ұйымының қызметін жандандыруға қосқан үлесі үшін бірқатар білім саласы қызметкерлерін облыстық кәсіподақтар орталығының Құрмет грамотасымен марапаттады.
Бұдан соң сахна төріне көтерілген Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков ұстаздар қауымын мерекелерімен құттықтап, саладағы үздік қызметкерлерге «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» айрықша және күміс төсбелгілерін тақты.
Салтанатты іс-шара барысында мерекелік кештің ұйымдастырушысы – Біріккен комитеті филиалының төрағасы Жанболат Орынбеков те құттықтау сөз сөйлеп, филиал тарапынан атқарылған жұмыстар мен қол жеткізген жетістіктерге тоқталды.
Мерекелік жиын барысында ұстаз еңбегі мен кәсіподақ қызметінің маңызы кеңінен дәріптеліп, сала қызметкерлеріне құрмет көрсетілді. Іс-шара көтеріңкі көңіл күй мен жылы лебізге, ән мен күйге ұласып, еңбек адамын қолдау мен кәсіподақ бірлігінің маңызын тағы бір айшықтады.
Жамбыл облыстық ұйымы
-
Фотографии
-