БІЛІКТІ ҰСТАЗ
Жақсылықова Ботагөз Сағынғалиқызы – Ақтөбе облысы Алға ауданының білім саласында 40 жылға жуық еңбек етіп келе жатқан, кәсіби білімі мен мол тәжірибесін ұрпақ тәрбиесіне арнап жүрген білікті ұстаз.
Ботагөз Жақсылықова 1966 жылдың қаңтар айында дүниеге келген. Алғашқы кәсіби білімін Ақтөбе педагогикалық училищесінде «Бастауыш сыныптарда сабақ беру» мамандығы бойынша алып, кейін Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтын «Орыс тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Ботагөз Жақсылықова еңбек жолын 1985 жылы Есет батыр атындағы мектеп-бақшада бастады. 2007–2010 жылдары әдіскер, 2010–2024 жылдары директордың оқу жұмысы жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарып, мектептің оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыруға елеулі үлес қосты. Қазіргі таңда бастауыш сынып мұғалімі ретінде еңбек етіп жүр.
Оның шәкірттері қалалық және облыстық білім сайыстары мен зияткерлік олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болып келеді.
Ботагөз Жақсылықова мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымының негізін қалаушылардың бірі, әрі белсенді мүшесі. Жас мамандарға тәлімгерлік жасап, ұжымның қоғамдық жұмыстарына белсене араласады.
Жақсылықова Ботагөз Сағынғалиқызының көп жылғы еңбегі – ұстаздыққа деген адалдығының, кәсіби шеберлігінің және ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлесінің айқын көрінісі.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы