ЖАС ҰСТАЗ – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ БАСТАУЫ
Ұстаздық — үлкен жауапкершілікті, ізденісті және жүрек жылуын талап ететін қасиетті мамандық. Бүгінде жас ұрпақтың сапалы білім алып, саналы тәрбие алуына өз үлесін қосып жүрген жас мамандардың қатары артып келеді. Солардың бірі — бастауыш сынып мұғалімі Серік Гауһар Серікқызы.
Серік Гауһар Серікқызы 2004 жылы Ақтөбе облысы Темір ауданы Шұбарқұдық кентінде дүниеге келген. Ұстаздық жолды таңдаған жас маман 2021 жылы Ақтөбе жоғары гуманитарлық колледжіне оқуға түсіп, «Бастауыш білім беру» мамандығын таңдады.
Үш жыл бойы білім алып, кәсіби біліктілігін шыңдаған Гауһар Серікқызы 2024 жылы оқуын сәтті аяқтап, бастауыш сынып мұғалімі біліктілігін иеленді. Бүгінде ол алған білімін тәжірибемен ұштастырып, шәкірттеріне сапалы білім мен тағылымды тәрбие беруге атсалысып келеді.
Бастауыш сынып мұғалімі болу — баланың білім әлеміне жасаған алғашқы қадамына бағыт-бағдар беру деген сөз. Сондықтан жас ұстаз үшін әр оқушының қабілетін танып, қызығушылығын арттыру, білімге деген ынтасын ояту — басты міндеттердің бірі.
Жас маман өз ісіне жауапкершілікпен қарап, үнемі ізденіп, заман талабына сай білім берудің жаңа әдіс-тәсілдерін меңгеруге ұмтылады.
Ұстаздық жолын енді бастап келе жатқан Гауһар Серікқызы үшін әр күн тәжірибе жинап, жаңа нәрсе үйренудің мүмкіндігі. Жас маманның ізденісі мен балаға деген ықыласы оның өз ісіне деген жауапкершілігін аңғартады. Бүгінде ол шәкірттеріне білім беріп қана қоймай, олардың бойына жақсы қасиеттерді сіңіруге, әр баланың өзіне деген сенімін қалыптастыруға тырысып келеді. Себебі, ұстаз еңбегінің ең үлкен нәтижесі — шәкіртінің жетістігі. Ал, бұл жолдағы алғашқы қадамдарын нық басып келе жатқан жас маманның алар асуы әлі алда.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
-
Фотографии
-