ҰСТАЗДАР СПОРТТЫҚ САЙЫСТА БАҚ СЫНАДЫ
Ақтөбе облысы Хромтау аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының қолдауымен ауданның білім беру ұйымдарының педагогтары арасында мұғалімдер спартакиадасы ұйымдастырылды.
Спартакиаданың басты мақсаты – білім қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту, әріптестер арасында достық қарым-қатынасты нығайту және белсенді демалысты ұйымдастыру.
Жарыс бағдарламасына волейбол (ерлер және әйелдер), футзал, стритбол, тоғызқұмалақ, асық ату, бес тас, үстел теннисі (ерлер және әйелдер) және шахмат спорт түрлері қамтылды.
Жарыс нәтижесінде жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, үздіктер арнайы марапаттарға ие болды. Спартакиада қорытындысында командалық есепте бірінші орынды №6 мектеп-гимназияның мұғалімдер командасы, екінші орынды №7 мектеп-гимназия командасы, үшінші орынды №3 Хромтау орта мектебінің командасы иеленді.
Жарыс барысында ұстаздар спорттағы шеберліктерін көрсетіп, ұйымшылдық пен өзара қолдаудың үлгісін көрсетті.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы