КӘСІПОДАҚ ҚАМҚОРЛЫҒЫ
Білім саласы қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту - кәсіподақ Жарғысының басты мақсаты. Салалық кәсіподақ төрағасы А.Мұқашеваның Шығыс Қазақстан облысына жасаған екі күндік іссапары кәсіподақ ұйымдарының нақты іс үстіндегі қамқорлығын айқын дәлелдеді.
Салалық кәсіподақ көшбасшысы сапарының басты мақсатын бастауыш ұйымдармен және қатардағы кәсіподақ мүшелерімен жүздесіп, өңір тынысымен танысуға бағыттады. Республикалық салалық кәсіподақ жарнасынан түсетін қомақты қаржылық қайтарымдар жыл сайын бастауыш ұйымдардың қоржынын толықтырып келеді. Биылғы қаржылай қолдаулар да көпшіліктің көз қуанышына айналды.
Атап айтсақ:
1. Зайсан ауданы: Аудандық білім бөлімінің Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациясы (ПМПК) КММ ерекше білім беру қажеттіліктері бар 0–18 жас аралығындағы 79 балаға кешенді қолдау көрсетеді. Дегенмен, 0–3 жастағы балаларды ерте сатыда сүйемелдеуге деген сұраныс жыл сайын артып отыр. Осы өзекті қажеттілікті шешу үшін «Мектепке жол» акциясы аясында ШҚО білім кәсіподағы аталған кабинетті жабдықтауға өз қорынан 1 млн. теңге бөлді. Бұған қоса, Салалық кәсіподақ төрағасы А.Мұқашева бұл істі ерекше назарға алып, Орталық Комитет қорынан қосымша 1 млн. теңге қаржылай көмек көрсетілетінін жеткізді.
2. Глубокое ауданы: Өңірдегі заманауи үлгідегі жайлы мектептердің қатарына кіретін Белоусовка №2 жалпы білім беретін мектебіне Салалық кәсіподақ төрағасы жұмыс сапарымен барып, ұжымға қолдау ретінде 500 мың теңге қаржылай сертификат табыстады.
3. Риддер қаласы: Мұндағы 14 мектептің екеуі аралас, 11-і орыс тілінде білім берсе, биыл жаңа ғимаратта өз есігін ашқан «Шаңырақ» көпсалалы мектеп-гимназиясы — қаладағы жалғыз қазақ тіліндегі білім ошағы. Осы қара шаңыраққа қолдау көрсету мақсатында Салалық кәсіподақ тарапынан 500 мың теңге қаржылай көмек берілді. Сонымен қатар ұстаздардың еңбегін бағалап, денсаулығын нығайту үшін кәсіподақ мүшелеріне 10 шипажайлық жолдама табысталды. Ал ШҚО білім кәсіподағы мұғалімдер бөлмесіне арнап ыңғайлы жұмсақ жиһаз алып берсе, Риддер қалалық кәсіподақ ұйымы өз кезегінде мұғалімдер бөлмесіне өз тарапынан сыйлығын табыстайтынын айтты.
Көз тасада қалғанымен, ел игілігі үшін атқарылып жатқан елеулі істер аз емес. Жыл көлемінде кәсіподақ белсенділерін тегін оқыту, түрлі сайыстар мен іс-шараларды қаржыландыру, қиын жағдайға тап болған тұлғаларға арнайы қаржылай көмек беру және республикалық акцияларды қолдау — адам мен маман құндылығын жоғары бағалайтын нақты істің айғағы.
Біздің күшіміз – бірлікте!
Шығыс Қазақстан облысы