ЖАС КӨШБАСШЫНЫҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІСІ
Дүйсен Нұрбек Жеңісұлы – Жамбыл облысы Жамбыл ауданы №3 орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары. Ол білім беру саласында 2018 жылдан бері еңбек етіп келеді. Педагогикалық еңбек жолын жас маман ретінде бастап, небәрі екі жылдық педагогикалық тәжірибесінен кейін мектеп басшылығының сеніміне ие болып, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалған.
Нұрбек Жеңісұлы көшбасшылықтың жасқа немесе лауазымға ғана байланысты емес екенін, ең алдымен адамның жауапкершілігіне, іскерлігіне, бастамашылдығы мен кәсіби ізденісіне байланысты екенін атап өтеді. Жас маманның кәсіби қалыптасуында кәсіподақ ұйымының қолдауы мен қамқорлығының да өзіндік орны бар. Еңбек жолының алғашқы кезеңінен бастап кәсіподақ тарапынан көрсетілген қолдау жас маманның ұжымдық ортаға бейімделуіне, өз құқықтары мен міндеттерін білуіне және қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуына ықпал етті.
Кәсіподақ ұйымының жан-жақты қолдауы Нұрбек Жеңісұлының кәсіби тұрғыдан өсуіне де өз үлесін қосты. Кәсіподақ ұйымдастыратын түрлі іс-шараларға, кәсіби және қоғамдық бағыттағы жұмыстарға қатысу арқылы ол тәжірибе жинақтап, әріптестерімен тығыз қарым-қатынас орнатуға, өз ойын еркін жеткізуге және көшбасшылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік алды. Оның айтуынша, басшылық қызметке тағайындалу үлкен сеніммен қатар, үлкен жауапкершілік. Бұл қызмет оған мектепті басқару, оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыру, білім сапасын арттыру, педагогтермен тиімді қарым-қатынас орнату бағыттарында мол тәжірибе жинақтауға мүмкіндік берген.
Қазіргі таңда Жамбыл ауданының Шоқай ауылындағы №3 орта мектепте 200-ден астам оқушы білім алып, 39 педагог еңбек етеді. Нұрбек Жеңісұлы үшін мектеп көшбасшысының басты міндеттерінің бірі педагогтерді ортақ мақсатқа жұмылдырып, мектептің даму жоспарын тиімді жүзеге асыру, ішкі бақылау мен басқару жұмыстарын үйлестіру және ұжымға дұрыс бағыт-бағдар беру. Жас кәсіби маман Нұрбек Жеңісұлының еңбек жолы, көшбасшылық ұстанымы, кәсіподақ қолдауы және қазіргі білім беру саласындағы көзқарастарымен бейнематериалдан танысыңыздар!
Жамбыл облысы Жамбыл ауданының кәсіподақ комитеті