ТӘЖІРИБЕЛІ ҰСТАЗ
Ұрпақ тәрбиесі мен білім беру ісіне адал қызмет етіп келе жатқан білікті де тәжірибелі ұстаздардың бірі – Мұхаммедова Гүлнар Қадырбайқызы. Ол 2013 жылдан бері Мұнайлы ауданында №3 орта мектепке қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі қызметін атқарып келеді. Ұжымда жемісті еңбек етіп, ұжымның сыйлы да қадірлі мүшесіне айналды.
Өзінің 17 жылдық еңбек өтілінде талай дарынды шәкірттерді шыңдап, облыстық, республикалық дәрежедегі жетістіктерімен аудан, облыс намысын абыроймен қорғап жүрген мұғалім. Жыл сайын пәндік олимпиадаға баптап қосқан шәкірттері жүлделі орындарға ие болып, нәтижелі еңбек етіп келе жатқан ұстаздардың бірі.
2021-2022 оқу жылында «Маңғыстау облысының білім беру саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Ал 2022-2023 оқу жылында облыстық «Олимп шыңына жетелеуші-2022» номинациясын иеленді.
Ұстаздың кәсіби білімі мен шәкірттермен жүйелі жұмысының нәтижесінде оның оқушылары да түрлі білім додаларында биіктерден көрініп келеді. Атап айтқанда, пәндік олимпиадаларда, «Абайтану», «Бітібаева» олимпиадаларында, сондай-ақ түрлі танымдық сайыстарда, кітап оқу және эссе байқауларында аудандық, облыстық және республикалық деңгейде жүлделі орындарға ие болып, ұстазының еңбегін еселеп жүр.
Педагогтың кәсіби шеберлігі жоғары бағаланып, 2023-2024 оқу жылында республикалық «Үздік педагог - 2023» конкурсының жеңімпазы атанды. Өнегелі еңбегінің арқасында 2024-2025 оқу жылында білім саласының мәртебелі марапаты – Ы.Алтынсарин төсбелгісімен марапатталды.
Үздіксіз ізденістегі жаңашыл ұстаз 2025-2026 оқу жылында республикалық «Үздік авторлық бағдарлама» конкурсының жүлдегері атанды.
Саналы ғұмырын сапалы білім мен саналы тәрбиеге арнаған Гүлнар Қадырбайқызы – өз ісіне адал, шәкірт жүрегінен орын алған ұлағатты ұстаз. Оның білім саласына қосқан зор үлесі мен еңбегі әрдайым жоғары құрметке лайық.
Алдағы уақытта да «Мемлекетіміз болашағы болған жас ұрпақты» тәрбиелеу жолында бар күш-жігерін салатынына сеніміміз мол. Өзінің кәсіптік деңгейін үнемі жетілдіріп отырады.
Ұжымда құрметке ие, мінезі жағынан тіл табысқыш. Өмірде қарапайым, моральдық жағынан ұстамды. Мектептің, ауданның, облыстың қоғамдық жұмыстарына белсене қатысады. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің қауымдастық мүшесі, аудан, облыс көлемінде өз іс-тәжірибесімен бөлісіп жүрген педагог.
Маңғыстау облысы, Мұнайлы аудандық филиалы