ШӘКІРТ ЖЕҢІСІН ЕСЕЛЕГЕН ЕҢБЕК
Қаржаубаева Гүлфайрус Нуфтуллақызы шәкірт жүрегіне жол тауып, білім мен тәрбиені қатар ұстанған, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын білікті ұстаз. Ұстаздық жол жай ғана мамандық емес, ол үлкен жауапкершілікті, үздіксіз ізденісті және әр оқушының болашағына деген сенімді талап ететін қасиетті жол. Осы жолда Гүлфайрус Нуфтуллақызы өз еңбегімен, ізденісімен және шәкірттерінің жетістіктерімен дараланып келеді.
Ұстаз үшін ең үлкен марапат – шәкіртінің жетістігі. Ал Қаржаубаева Гүлфайрус Нуфтуллақызы жетекшілік ететін сыныптың белсенділігі мен оқу нәтижелері – мұғалім еңбегінің нақты жемісі. Сынып оқушылары қоғамдық, шығармашылық және зияткерлік бағыттағы түрлі байқаулар мен олимпиадаларға белсенді қатысып, жоғары нәтижелер көрсетіп келеді.
Шәкірттерінің жетістіктеріне көз жүгіртсек, бұл еңбектің жүйелі әрі нәтижелі екенін аңғаруға болады. 2025 жылы Кәусар Құрбанбай жалпы білім беретін пәндер бойынша 5–6 сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың қалалық кезеңінде І орын иеленіп, 2026 жылы облыстық кезеңде ІІІ орынға ие болды. Темірхан Әлиханның шешендік өнердегі жетістіктері де ерекше. Ол 2024 жылғы республикалық «ДІЛМАР» шешендік өнер байқауының қалалық кезеңінде І орын, облыстық кезеңінде ІІ орын алды. Ал 2025 жылы «Мәшһүр Жүсіп оқулары» байқауының қалалық және облыстық кезеңдерінде І орыннан көрінді. Сонымен қатар Жанерке Егдірбай 2023 жылғы Ақтау қалалық «Жарқын болашақ» байқауының шешендік өнер бөлімінде ІІ орын иеленсе, Асқар Арайла 2025 жылғы республикалық «Ақбота» олимпиадасында І орын алды. 2026 жылы Нұрсәт Сәтмағанбет те республикалық «Ақбота» олимпиадасында І орын иеленді.
Бұл жетістіктердің артында ұстаздың әр оқушының қабілетін танып, оны дамытуға бағытталған еңбегі жатыр. Белсенді сынып қалыптастыру тек білім берумен шектелмейді. Ол оқушыға жауапкершілік жүктеу, өз ойын еркін жеткізуге үйрету, ізденуге ынталандыру және өз күшіне сенім қалыптастырудан басталады.
Ұстаздың өзі де кәсіби ізденістен шет қалған емес. 2024 жылы «Педагогикалық идеялар панорамасы» облыстық кезеңінде «Оқу сауаттылығы» бағыты бойынша ІІІ орын, сол жылы қазақ тілі пәнінен «Педстарт» республикалық қашықтық олимпиадасында ІІІ орын иеленді. 2025 жылы Оқу-ағарту министрлігінің «Оқу және математикалық сауаттылық: табысты синергия» республикалық байқауында ІІ орын алды. Ал 2026 жылы Маңғыстау облысының білім басқармасының «Алғыс хатымен» марапатталды.
Нағыз ұстаздың еңбегі оның атағымен емес, тәрбиелеген шәкірттерінің жетістігімен өлшенеді. Қаржаубаева Гүлфайрус Нуфтуллақызының педагогикалық жолы – ізденіс пен еңбектің, талап пен табандылықтың, ұстаз бен шәкірт арасындағы сенімнің жарқын үлгісі.
Ұстаз еккен білім дәні – шәкірт жетістігі болып бүр жарады. Ал шәкірттің әрбір жеңісі – ұстаз еңбегінің ең қымбат жемісі.
Н.Тұржанова,
Ақтау қаласы, Фариза Оңғарсынова атындағы №29 мектеп-гимназиясының музыка пәні мұғалімі