МАМАНДЫҚҚА АДАЛДЫҚ – БАЛАҒА ҚАМҚОРЛЫҚ
Бала тәрбиесі – үлкен жауапкершілік пен жүрек жылуын қажет ететін ерекше мамандық. Әр бүлдіршіннің бойындағы қабілетті байқап, оның өзіне деген сенімін қалыптастыру – тәрбиешінің күнделікті еңбегінің бір бөлігі. Осы жолда өз ісіне ізденіспен қарап келе жатқан ақтөбелік тәрбиешілердің бірі – Медина Гүлзат Мақсотқызы.
Гүлзат Медина 1989 жылы Амангелді мектебінің 1-сыныбына қабылданып, 2000 жылы осы мектепті тәмамдады. Кейін Қ.Жұбанов атындағы мемлекеттік университетте қазақ тілі мен қазақ әдебиеті мамандығын меңгерді. 2003–2005 оқу жылдары ауыл мектебінде еңбек етті.
Балалармен жұмыс істеуге деген қызығушылығы оны мектепке дейінгі тәрбие саласына алып келді. 2007–2008 оқу жылдары «Ертөстік» санатория үлгісіндегі балабақшада тәрбиеші болып қызмет атқарды. Ал, 2017 жылы С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінде «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту» мамандығын оқып, тәрбиеші кәсібі бойынша білімін толықтырды.
Бүгінде Гүлзат Мақсотқызы Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Асанәлі бөбекжай-бақшасында тәрбиеші болып қызмет атқарады. Оның күнделікті жұмысы бүлдіршіндерге білім берумен ғана емес, олардың бойына қызығушылық, шығармашылық пен өзіне деген сенім қалыптастырумен астасып жатыр.
Кәсіби ізденісті серік еткен Гүлзат Мақсотқызы түрлі семинарлар мен байқауларға, олимпиадаларға қатысып, тәжірибесін толықтырып келеді. Жинаған білімін әріптестерімен бөлісіп, аудандық семинар-практикумдарда өз тәжірибесін таныстырып жүр.
Еңбегі де елеусіз қалған жоқ. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту педагогтары арасындағы облыстық олимпиадада І дәрежелі дипломға, «Үздік іс-әрекет – тәжірибе алаңы» байқауының аудандық кезеңінде І дәрежелі дипломға ие болды. Дегенмен тәрбиеші еңбегінің ең үлкен бағасы – марапатта емес. Ол баланың жаңа нәрсеге қызығушылық танытып, өз мүмкіндігіне сеніп, кішкентай болса да қадам жасағанынан көрінеді. Гүлзат Мақсотқызының да еңбегінің мәні осындай қарапайым, бірақ маңызды сәттерден құралады.
Әр баланың бойынан жақсы қасиет көріп, соны дамытуға үлес қосу – Гүлзат Мақсотқызы таңдаған мамандықтың басты мәні.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
-
Фотографии
-