ҰСТАЗДЫҚ ШЕБЕРЛІКТІҢ ШАМШЫРАҒЫ
Білім беру жүйесінде 40 жыл үздіксіз еңбек ету бұл тек кәсіби шеберліктің ғана емес, мамандыққа деген шексіз адалдықтың белгісі. Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, «Асусай» мектеп-балабақша кешені» КММ-нің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-сарапшы Бекбауова Айман Рамазанқызы – бүгінгі таңда отандық педагогиканың нағыз шамшырағы. Өз ісінің майталманы шәкірт санасын ғылыммен нұрландырып қана қоймай, әріптестеріне де жол көрсетер мектеп тренері болып келеді.
Айман Рамазанқызының сабақ беру методологиясы дәстүрлі тәсілдермен шектеліп қалмайды. Ол оқытудың озық технологияларын, атап айтқанда Lesson Study зерттеу сабақтарын іс-тәжірибеге тиімді енгізіп жүрген жетекші маман.
Ұстаз сабақтарында оқушылардың сыни ойлау қабілетін, шығармашылық ізденісін және іргелі ғылыми көзқарастарын жүйелі түрде дамытады.
Lesson Study әдісі бойынша жинақтаған мол тәжірибесімен аудандық, облыстық, республикалық, тіпті халықаралық деңгейлерде өткізілетін шеберлік сыныптарында бөлісіп келеді. Мектеп тренері ретінде жас мамандардың кәсіби шыңдалуына жол ашып, ұжымның әдістемелік әлеуетін көтеруде жетекші роль атқарады.
Ұстаздың 40 жылдық адал еңбегі мемлекеттік және халықаралық деңгейде жоғары бағаланды. Оның марапаттар қоржынында: «Білім беру ісінің үздігі» республикалық төсбелгісі; «ТМД-ның үздік ұстазы» халықаралық конкурсының жүлделі орны; Мұғалімдер арасында өткен Республикалық «Ғылыми жобалар» конкурсының Бас жүлдесі; І Халықаралық «Педагогикалық шеберлік» байқауының «Ашық сабақ» номинациясы бойынша І орыны бар.
Сонымен қатар, Айман Рамазанқызының «Күй аңызы» тақырыбындағы озық іс-тәжірибесі ULY DALA USTAZY және ULY DALA TULEGI жобалары шеңберінде сараланып, PREMIUM SUBJECTS халықаралық ғылыми-әдістемелік журналының 100-бетінде арнайы жарияланды.
Айман Рамазанқызының тәлім-тәрбиесін алған оқушылар – әртүрлі пәндік олимпиадалардың, ғылыми жоба сайыстарының және шығармашылық байқаулардың тұрақты жеңімпаздары. Ұстаздың берер білімі мен қатаң талабы оқушылардың биік белестерді бағындыруына негіз болып келеді.
Ұжымда үлкен абыройға ие, еңбекқор әрі жауапкершілігі жоғары ұстаздың білім саласына қосқан үлесі мол.
Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай аудандық кәсіподақ ұйымы