ЖАС МАМАН – ЖАҢА БАСТАМАЛАРДЫҢ ЖАРШЫСЫ
Кәсіби ізденісімен дараланып, білім беру саласына өз үлесін қосып жүрген жас педагогтардың бірі – Ақтөбе облысы Алға ауданы Бестамақ орта мектебінің математика-информатика пәндерінің мұғалімі Мүбарак Бексана Сұлтанқызы.
Жас маман еңбек жолында кәсіби біліктілігін арттыруға, жаңа ізденістерге ұмтылып келеді. Оның кәсіби ізденісі бірқатар маңызды жетістіктерімен жалғасын тапты. Атап айтқанда, «Үздік жас маман – 2024» байқауында І дәрежелі дипломмен, «Мен облысымның білім сапасын көтеру үшін не істей аламын?» облыстық эссе байқауында ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Облыстық пәндік педагогикалық олимпиадада Бас жүлдеге ие болса, «Поли-Мат» республикалық эвристикалық онлайн марафонында І дәрежелі дипломмен марапатталды. Білім беру саласындағы белсенді еңбегі үшін аудандық білім бөлімінің Алғыс хатына да ие болды.
Ұстаз еңбегінің ең үлкен нәтижесі – шәкірт жетістігі. Бексана Сұлтанқызының оқушылары аудандық және облыстық пәндік олимпиадаларда, ғылыми жобалар мен зияткерлік сайыстарда жүлделі орындардан көрініп, білім ошағының абыройын арттырып келеді.
Жас педагог кәсіби қызметімен қатар мектептің қоғамдық өміріне де белсене араласады. Түрлі мектепішілік іс-шаралар мен қоғамдық бастамаларға атсалысып, әріптестерімен бірлесе жұмыс жүргізуде.
Педагогикалық тәжірибесін жетілдіруге мән беретін Бексана Мүбарак аудандық және облыстық деңгейдегі семинарларға қатысып, заманауи оқыту әдістері мен цифрлық білім беру мүмкіндіктері жөніндегі тәжірибесімен бөлісіп келеді.
Бексана Мүбарак – кәсіби дамуды, ізденісті және ұстаздық жауапкершілікті қатар алып келе жатқан жас маман.
-
Фотографии
-