ҰСТАЗҒА - ҚҰРМЕТ, БІЛІМГЕ - БАСЫМДЫҚ
Жаңа оқу жылы қарсаңында Түркістан облысының Шардара қаласындағы Абай атындағы мәдениет үйінде ауданның білім беру саласы қызметкерлерінің басын қосқан дәстүрлі Тамыз конференциясы өтті. Жиын ұстаздар қауымының өткен кезеңдегі жұмыстарын саралап, алдағы оқу жылына бағыт-бағдарды нақтылауға арналды.
Ауқымды басқосуға аудан әкімінің орынбасары Б.Төребеков, аудан прокуроры Ә.Алмас, Түркістан облысы білім басқармасының өкілі, аудандық кәсіподақ төрағасы Н.Жалғас, білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтар қатысты. Кездесуде білім сапасын көтеру, мұғалімдердің кәсіби әлеуетін арттыру және жас ұрпаққа қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру мәселелері ортаға салынды.
Конференцияда сөз алған сала басшылары мен жауапты тұлғалар ұстаздарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, педагог еңбегінің қоғамдағы айрықша маңызын атап өтті. Білім беру жүйесіндегі заң талаптарын сақтау, балалардың құқықтарын қорғау және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігі де назардан тыс қалмады.
Жиынның маңызды сәттерінің бірі – білім саласына саналы ғұмырын арнаған ардагерлерді ұлықтау болды. Білім бөлімін басқарған, мектеп директоры қызметін атқарған С.Шынтаев пен Шардара аудандық кәсіподақ төрағасы Ж.Жүнісұлы «Құрметті ардагер» төсбелгісімен марапатталып, аудан әкімі А.Қарсыбаевтың Алғыс хатына ие болды. Бұл – ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосқан азаматтардың еңбегіне көрсетілген лайықты құрмет.
-
Фотографии
-