ЖАС ҰСТАЗ – ЖАҢА БУЫН КӨШБАСШЫСЫ
Жастығына қарамастан білімін білігімен ұштастырып, шәкірт тәрбиесі мен қоғамдық жұмысты қатар алып жүрген жас ұстаздардың бірі – Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, «Асусай мектеп-балабақша кешені» КММ мектеп тәлімгері әрі информатика пәнінің мұғалімі Қызырбекова Айтолқын Болатбекқызы.
Айтолқын Болатбекқызы 1997 жылы 4 қазанда Тарбағатай ауданы, Жетіарал ауылында дүниеге келген. 2013–2017 жылдары Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінде «Тәрбие жұмысын ұйымдастырушы» мамандығы бойынша білім алып, оқуын қызыл дипломмен тәмамдаған. Кейін С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде информатика мамандығы бойынша жоғары білім алған.
Еңбек жолын 2017 жылы Өскемен қаласындағы №47 жалпы білім беретін мектепте педагог-ұйымдастырушы қызметінен бастап, 2019 жылы туған жеріне оралып, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында «Асусай мектеп-балабақша кешені» КММ тәлімгер болып орналасқан.
Бүгінде жас ұстаз мектеп тәлімгері, информатика пәнінің мұғалімі және бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы қызметтерін абыроймен атқарып келеді. Кәсіби біліктілігімен қатар заманауи білім беру технологияларын оқу үдерісіне тиімді енгізіп, оқушылардың цифрлық сауаттылығын, шығармашылық және зерттеушілік қабілеттерін дамытуға ерекше мән береді.
Ұстаздың еңбегі шәкірттерінің жетістіктерінен де көрініс табуда. Айтолқын Болатбекқызы оқушыларын ғылыми-зерттеу жобалары мен түрлі байқауларға дайындап, олардың аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстарда жүлделі орындарға ие болуына жетекшілік етіп келеді.
Қоғамдық жұмыста да белсенді. Бес жылдан астам уақыт бойы бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы ретінде әріптестерінің еңбек және әлеуметтік мәселелеріне жауапкершілікпен қарап, ұжымдық бастамалардың жүзеге асуына үлес қосып келеді. Сонымен қатар Астана қаласында өткен кәсіподақтың XXVII съезіне қатысып, білім саласындағы қоғамдық жұмыстарға белсенді араласқан.
Жас ұстаз үшін ұстаздық – тек мамандық емес, үлкен жауапкершілік. Ол шәкіртке білім беруді, бағыт көрсетуді, қоғамдық ортаға пайдалы болуды өз қызметінің басты ұстанымы санайды.
Қызыл дипломмен басталған білім жолы – ұстаздық ізденіспен, қоғамдық белсенділікпен жалғасып келеді.
Жастық жігерін білім мен тәрбиеге арнап, ауыл мектебінің дамуына өз үлесін қосып жүрген Қызырбекова Айтолқын Болатбекқызының алар асуы әлі алда!
Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай аудандық кәсіподақ ұйымы