ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІ ҰЛЫҚТАҒАН ҰСТАЗ
Ұлттық өнерді дәріптеу оны сөзбен насихаттаудан бұрын, жас ұрпаққа үйретуден басталады. Осы бағытта еңбек етіп жүрген Ақтөбе облысы Темір аудандық оқушылар үйінің «Оюлар сыры» үйірмесінің жетекшісі Төлеген Қоңырбаевтың шәкірт тәрбиесіндегі еңбегі нәтижесімен құнды.
Қоңырбаев Төлеген Жеткербайұлы 1976 жылы дүниеге келген. 2017 жылы оқу орнын тәмамдап, еңбек жолын білім беру саласында бастады. Бүгінде ол оқушыларға қазақтың ою-өрнегін, ұлттық қолөнер бұйымдарын жасауды үйретіп, олардың шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған жұмыстар жүргізіп келеді.
«Оюлар сыры» үйірмесінде оқушылар ұлттық ою-өрнектердің шығу тарихымен танысып, ши тоқу, сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарын жасау тәсілдерін меңгереді. Ұстаз әр баланың қабілетіне қарай бағыт беріп, ұқыптылық пен еңбекке жауапкершілікті қалыптастыруға мән береді.
Төлеген Қоңырбаевтың кәсіби еңбегі бірқатар жетістіктермен дәлелденген. 2022 жылы Ақтөбе облыстық өнер музейінде өткен республикалық «Өнер көкке жеткізер» көрмесіне қатысып, дипломмен марапатталды. 2025 жыл ұстаз үшін нәтижелі жыл болды. «Этно ауыл» ұлттық көрме байқауында әділқазы қызметін атқарып, белсенділігі үшін Алғыс хат алды. Сонымен қатар «Қосымша білім берудегі шығармашылыққа үйретудің заманауи инновациялық әдістері мен технологиялары» тақырыбындағы облыстық семинар-практикумды ұйымдастыруға белсене қатысты. Сол жылы қосымша білім беру ұйымдары басшылары мен орынбасарлары арасындағы облыстық педагогикалық шеберлік байқауында ІІІ орын иеленді.
Ұстаз еңбегінің басты көрсеткіші – шәкірттерінің нәтижесі. 2025 жылы оның шәкірті Аяла Ерден «Өнерлі ұрпақ – кемел болашақ» облыстық жас қолөнершілер байқауында І дәрежелі дипломға ие болды. Ал, Альбина Берікова «Алтын қазына» балалар шығармашылығының республикалық көрме-байқауының облыстық кезеңінде ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.
Бұл жетістіктердің артында шәкірттің талантымен қатар, ұстаздың ізденісі мен күнделікті еңбегі тұр. Төлеген Қоңырбаев үшін ұлттық қолөнер – өткеннің мұрасы ғана емес, оны бүгінгі ұрпаққа үйрету арқылы жалғастыратын өнер.
Төлеген Қоңырбаевтың еңбегінің мәні ұлттық өнерді сөзбен емес, іспен дәріптеуінде. Үйірмеде қалыптасқан әрбір дағды мен шәкірттерінің әрбір жетістігі оның кәсіби еңбегінің нәтижесін көрсетеді. Бұл – өз ісіне берілген ұстаздың еңбегі.
-
Фотографии
-