ЖАМБЫЛДА БІЛІМ САПАСЫ МЕН ПЕДАГОГ МӘРТЕБЕСІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Жаңа оқу жылы қарсаңында дәстүрге айналған Тамыз конференциясы білім саласының бүгінгі нәтижесін саралап қана қоймай, алдағы кезеңнің негізгі бағыттарын айқындайтын маңызды алаңға айналды. Жамбыл облысы Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында өткен облыстық білім қызметкерлерінің Тамыз конференциясында өңірдегі білім сапасы, педагог мәртебесі, бала қауіпсіздігі, білім беру инфрақұрылымы, жаңа технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану мәселелері кеңінен талқыланды.
«Білім сапасы мен адами капитал: жаңа оқу жылындағы өңірлік басымдықтар» тақырыбындағы жиынға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршубеков, Ғылым және жоғары білім және Оқу-ағарту министрліктерінің өкілдері, Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің орынбасарлары, құқық қорғау және атқарушы органдардың басшылары, жергілікті кәсіподақ пен азаматтық қоғам өкілдері, білім саласының еңбек ардагерлері мен жас педагогтер қатысты.
Конференция басталмас бұрын қатысушылар «Білім сапасы: нәтиже, даму, мүмкіндік» көрмесін тамашалап, білім беру ұйымдарының жетістіктерімен танысты. Көрмеде ұстаздар мен оқушылардың оқу, ғылыми-шығармашылық бағыттағы еңбектерінің нәтижелері ұсынылды. Жиынды облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршубеков ашып, жүргізді. Конференция барысында оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың бейнеқұттықтауы көрсетіліп, «Адами капиталдың сапасын дамытудағы білім берудің өңірлік жүйесі» атты бейнеролик ұсынылды.
Басқарма басшысы өткен оқу жылындағы негізгі көрсеткіштерге тоқталды. Облыс оқушылары халықаралық және республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобаларда 369 медаль иеленген. Облыс командасы республикалық ғылыми жобалар конкурсында қатарынан 17-ші жыл «Ең үздік команда» атағын қорғап қалды. Қоғамдық-гуманитарлық пәндер бойынша облыс командасы «Үздік олимпиадалық команда» атанса, бес мектеп республикалық «Ең үздік олимпиадалық 100 мектеп» қатарына енді.
Конференцияда Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов цифрлық жаһандану дәуірінде педагогтерді даярлау мәселесіне тоқталса, Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Толқын Исақова бала құқықтарын қорғау және білім беру ортасында заң мен тәртіп қағидаттарын нығайту мәселелерін сөз етті.
Жиында білім саласының материалдық-техникалық базасын нығайтуға да ерекше мән берілді. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, биыл облыстың білім беру саласына 362,5 миллиард теңге бағытталған. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында заманауи технологиялармен жабдықталған 7 мектеп іске қосылып, үш ауысымды мектептер мәселесі толық шешімін тапқан. Сонымен қатар биыл 14 білім беру нысанының құрылысына қаржы қарастырылған. 2025-2029 жылдарға арналған 133 мектепті жаңғырту жоспары бекітілген.
Білім саласындағы жетістіктерді ынталандыруда әлеуметтік әріптестіктің де орны ерекше. Тамыз конференциясында үздік білім беру ұйымдарын марапаттауға Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы да өз үлесін қосты. «Білім беру ұйымдары қызметтерінің тиімділігін бағалау» рейтингісінің қорытындысы бойынша үздік деп танылған ұйымдарға кәсіподақтың қаржылай сертификаттары табысталды.
«Үздік инновациялық мектеп-лицей» аталымында Меркі ауданындағы М.Әуезов атындағы №9 мектеп-лицейі жеңімпаз атанып, 1 млн теңге алды.
«Үздік мектеп-гимназия» аталымы бойынша Байзақ ауданындағы №1 мектеп-гимназиясы – 1 млн теңге;
«Үздік мамандандырылған білім беру ұйымы» – облыстық Айша бибі атындағы дарынды қыз балаларға арналған мамандандырылған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернаты – 1 млн теңге;
«Үздік ауыл мектебі» – Қордай ауданындағы Бауыржан Момышұлы атындағы №43 орта мектебі – 1 млн теңге;
«Үздік шағын жинақталған мектеп» – Жуалы ауданындағы №27 Дихан орта мектебі – 1 млн теңге;
«Үздік техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы» – Тараз қаласындағы Жамбыл политехникалық жоғары колледжі – 1 млн теңге;
«Үздік әлеуметтік серіктестік моделі» – Шу ауданындағы №10 Шу колледжі – 750 мың теңге;
«Үздік дуальды оқыту тәжірибесі» – Сарысу ауданындағы Жаңатас көпсалалы колледжі – 750 мың теңге көлеміндегі сертификаттарға ие болды.
Мектепке дейінгі білім беру ұйымдары да назардан тыс қалмады. «Мектепке дейінгі білім беру ұйымдары қызметтерінің тиімділігін бағалау» рейтингі нәтижесінде «Үздік инновациялық мектепке дейінгі ұйым» аталымын Тараз қаласындағы №45 «Балбұлақ» бөбекжай-бақшасы, «Үздік ауылдық мектепке дейінгі ұйым» аталымын Жамбыл ауданындағы «Балдырған» бөбекжай-бақшасы, ал «Үздік қалалық мектепке дейінгі ұйым» аталымын Тараз қаласындағы №8 бөбекжай-бақшасы иеленді. Әрқайсысына кәсіподақ тарапынан 1 млн теңгеден ақшалай сертификат табысталды. Бұл қолдау педагогикалық ұжымдардың еңбегін бағалаумен қатар, жаңа жобаларды жүзеге асыруға, материалдық-техникалық базаны нығайтуға және педагогтердің шығармашылық бастамаларын дамытуға мүмкіндік береді.
Конференция соңында өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруде ерекше көзге түскен бірқатар педагогтер «Ы.Алтынсарин» медалімен, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен, Құрмет грамоталары және Алғыс хаттармен марапатталды. Ал «Орта білім беретін үздік ұйым» грантының иегері Тараз қаласындағы Ә.Бөкейханов атындағы №1 гимназия атанып, 68 миллион теңгенің сертификатына ие болды.
Жамбыл облыстық ұйымы
-
Фотографии
-