МҰҒАЛЖАРЛЫҚ ЖАС ПЕДАГОГ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕ АЛАҢЫНДА
Астана қаласында Қазақстан, Қытай, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінен келген 300-ге жуық жас маманды тоғыстырған «STEM. AI. Innovation» халықаралық жас педагогтар конгресі өтуде.
Аталған кәсіби алаңда Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Сағашилі жалпы білім беретін орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, кәсіподақ мүшесі Әділбек Батырбек шетелдік және отандық әріптестерімен тәжірибе алмасып, өзінің кәсіби ізденістері мен педагогикалық тәжірибесін ортаға салды. Әр елден жиналған білім саласының жас мамандарымен пікір алмасып, заманауи білім берудің өзекті бағыттарын талқылауға мүмкіндік алды.
Айта кетейік, Батырбек Әділбек Бердібекұлы – Мұғалжар аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымы Жастар кеңесінің белсенді мүшесі. Жастардың кәсіби дамуына, қоғамдық бастамаларға және білім саласындағы маңызды жобаларға белсене араласып жүрген жас маманның халықаралық деңгейдегі бұл жетістігі – еңбегі мен ізденісінің жемісі.
Конгресс қорытындысында Әділбек Батырбек халықаралық деңгейдегі Грамотамен марапатталды.
Жас педагогтың халықаралық кәсіби ортада тәжірибесімен бөлісуі – жеке кәсіби жетістігі ғана емес, Ақтөбе облысының озық педагогикалық тәжірибесін халықаралық білім беру кеңістігіне танытқан елеулі жетістік. Бұл – ізденіс пен жаңашылдықты серік еткен жас ұстаздың кәсіби биіктерге ұмтылысының жарқын көрінісі.