КӘСІПОДАҚ КӨМЕКТЕСТІ: ЕСЕПШІ МАМАНДАРДЫҢ ЖЕҢІСІ
«Қуатты кәсіподақтар – еңбек адамының қуатты үні» бірыңғай кәсіподақтық науқаны аясындағы «Кәсіподақ көмектеседі» жобасы кәсіподақ ұйымдарының еңбек адамын нақты істермен қолдайтынын көрсетуді мақсат етеді. Осындай нақты көмектің жарқын мысалдарының бірі – Жамбыл облысы Жамбыл ауданы білім бөлімінің есепші мамандарының құқықтарын қорғау барысында көрініс тапты.
2023 жылы құзырлы органдар жүргізген тексеріс қорытындысы бойынша «Білім қызметкерлері кәсіподағының Жамбыл аудандық комитеті» филиалы қоғамдық бірлестігі мен «Жамбыл ауданы білім бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі арасында жасалған Ұжымдық шарт негізінде бұрын төленген қосымша төлемдер заңсыз деп танылып, қызметкерлерден аталған қаражатты мемлекетке кері қайтару талап етілді.
Бұл жағдай есепші мамандар үшін күтпеген әрі күрделі сынақ болды. Ұзақ жылдар бойы қолданыстағы ұжымдық шарт негізінде төленіп келген қаражатты қайтару қаупі олардың әлеуметтік жағдайына ғана емес, моральдық-психологиялық ахуалына да кері әсер етті.
Осындай жағдайда Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы қызметкерлердің құқықтарын қорғауға белсенді түрде кірісті. Кәсіподақтың құқықтық қызмет жетекшісі Әлия Джолшибекова мен заңгер Ғазиз Оспанов екі жылға созылған сот процесінде қызметкерлердің мүддесін барлық сот сатыларында кәсіби деңгейде қорғап, жан-жақты құқықтық сүйемелдеу жұмыстарын жүргізді.
Кәсіподақ заңгерлерінің жүйелі әрі білікті жұмысының нәтижесінде сот әділ шешім қабылдап, Жамбыл ауданы білім бөлімінің есепші мамандары бұрын төленген қаражатты мемлекетке қайтару міндетінен босатылды.
Бұл оқиға кәсіподақтың тек кеңес берумен шектелмейтінін, қажет болған жағдайда өз мүшелерінің заңды құқықтары мен мүдделерін сотта қорғап, нақты нәтижеге қол жеткізетінін айқын дәлелдейді.
«Кәсіподақ көмектеседі» жобасының басты мәні де еңбек адамы қиындықпен бетпе-бет қалған кезде оның жанынан табылып, құқықтық қолдау көрсету, заңды мүддесін қорғау және әділдікке қол жеткізуге ықпал ету. Жамбыл ауданы білім бөлімінің есепші мамандарының ісі – кәсіподақтың нақты көмегі мен нәтижелі жұмысының жарқын үлгісі.
Кәсіподақтың кәсіби құқықтық қолдауының арқасында қызметкерлер өз құқықтарын қорғап қана қоймай, әділ шешімге қол жеткізді. Бұл ұйымның әрбір мүшесінің құқығы мен заңды мүддесін қорғау кәсіподақ қызметінің басты басымдығы екенін тағы бір мәрте көрсетті.
Жанар ҚОНАРОВА,
Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы білім бөлімінің қызметкерлермен есеп айырысу секторының меңгерушісі.