ӨНЕРМЕН ӨРНЕКТЕЛГЕН ҰСТАЗДЫҚ ҒҰМЫР
Ұстаз — ұлттың рухани тірегі. Ал өз өмірін шәкірт тәрбиесіне арнаған, еңбегімен де, адамгершілігімен де көпке үлгі бола білген жандар әрдайым құрметке лайық.
Осындай ардақты азаматтардың бірі — Баяғанов Мұхамед Кеңесұлы. Ол СҚО Ақжар ауданы, Май орта мектебінің музыка пәнінің мұғалімі.
Мұхамед Кеңесұлының педагогикалық еңбек өтілі — 41 жыл. Бұл — бір адамның ғұмырындағы тұтас бір дәуір. Осы жылдар ішінде ол көптеген шәкірттің жүрегіне өнерге деген сүйіспеншілік ұялатып, музыка арқылы тәрбие мен ізгіліктің дәнін септі.
Ұстаздың сабағы әрдайым ерекше атмосферасымен есте қалады. Әр сабағы мемлекеттік әнұранмен басталады. Ол музыка пәнін тек ән айту немесе нота үйрету деп қана қоймай, баян аспабында ойнап, әр әуеннің мәні мен мазмұнын шәкірт жүрегіне жеткізе білді. Баяннан төгілген қоңыр әуендер сабаққа ерекше жылулық пен рухани тереңдік сыйлайтын.
Мұхамед Кеңесұлы — ақкөңіл, мейірімді, сабырлы ұстаз. Ұстаздың жылы сөзі мен шынайы қамқорлығы талай оқушыға өмірлік бағыт бергені анық. Әріптестер арасында да ол сыйлы, ақыл-кеңесін аямайтын, әрдайым қолдау көрсетуге дайын азамат. Ұжымдастары оны тек білікті маман ретінде емес, үлкен жүректі, кең пейілді адам ретінде құрметтейді.
Бүгінде Мұхамед Кеңесұлы тәрбиелеген шәкірттердің арасында өнер жолын таңдағандар да, елге қызмет етіп жүрген азаматтар да бар. Бұл оның маңдай термен атқарған еңбегінің жарқын дәлелі. Мұхамед Кеңесұлының еңбек жолы жас ұрпақ пен жас мамандар үшін үлгі тұтарлық өнеге.
Солүстік Қазақстан облыстық ұйымы