ЕҢБЕК АДАМЫ
Ұстаз – ұлттың ертеңін тәрбиелейтін, жас ұрпақтың бойына біліммен қатар адамгершілік, ізгілік пен отансүйгіштік қасиеттерді сіңіретін ұлы мамандық иесі. Осындай абыройлы да жауапты жолда саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнап келе жатқан білікті педагогтердің бірі – Қазиева Шолпан Базарбайқызы.
Шолпан Қазиева — 1969 жылдың 17 наурызында Ақтөбе облысы Темір ауданы Шұбарқұдық кентінде дүниеге келген. 1976 жылы №1 жалпы орта білім беретін мектептің табалдырығын аттап, 1986 жылы тәмамдады. Сол жылы Ақтөбе педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, бастауыш сынып мұғалімі мамандығын игерді. Кейін Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде жоғары білім алды.
Еңбек жолын №4 Шұбарқұдық жалпы орта білім беретін мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып бастаған ол бүгінгі күнге дейін осы қасиетті мамандыққа адалдық танытып, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп келеді.
Өз ісінің білгір маманы ретінде Шолпан Қазиева оқыту үдерісінде заманауи педагогикалық технологияларды тиімді қолданып, білім беру әдістерін үнемі жетілдіруге ерекше мән береді. Ол әрбір оқушының жеке қабілетін танып, шығармашылық әлеуетін дамытуға, өз ойын еркін жеткізе алатын, өмірлік дағдылары қалыптасқан тұлға тәрбиелеуге күш-жігерін аямайды. Сонымен қатар, әріптестерімен тәжірибе алмасып, кәсіби шеберлігін үздіксіз шыңдап келеді.
Ұстаз еңбегінің шынайы жемісі – оның шәкірттерінің жетістігі. Шолпан Қазиева тәрбиелеген оқушылар түрлі пәндік олимпиадаларда, ғылыми жобалар мен шығармашылық байқауларда жүлделі орындарға ие болып, білімге құштар, белсенді, елдің ертеңіне қызмет ететін саналы азамат болып қалыптасуда.
Өмірін ұрпақ тәрбиесіне арнаған Шолпан Қазиева үшін ұстаздық – жай ғана мамандық емес, жүрек қалауымен таңдалған қасиетті жол. Жылдар бойы төккен маңдай тері мен еселі еңбегінің жемісі білімді, тәрбиелі, ел болашағына сеніммен қадам басқан шәкірттері. Осындай еңбек адамының өнегелі жолы әрдайым құрметке лайық.
--
Ақтөбе облыстық кәсіподағы