ЖАЗДАҒЫ ЖАҚСЫ ДЕМАЛЫС – ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНДАҒЫ САПАЛЫ БІЛІМНІҢ КЕПІЛІ
Педагогтің еңбегі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бір оқу жылы бойы шәкірт тәрбиесіне бар күшін арнаған ұстаз үшін жазғы демалыс жай ғана тынығу емес, жаңа күш жинайтын, ой сергітіп, шабыт алатын ерекше кезең. Осыны жақсы түсінетін Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы жыл сайын кәсіподақ мүшелеріне арналған сауықтыру бағдарламаларын ұйымдастырып келеді. Бұл игі бастаманың игілігін Талас ауданынан барған педагогтер де көруде. Олар бірнеше күнін Алакөл жағалауындағы «Арасан-Алакөл» демалыс кешенінде өткізіп, ерекше әсермен оралды.
Күнделікті сабақ, құжат, қоғамдық жұмыстар арасында жүретін ұстаз үшін мұндай демалыстың маңызы ерекше. Бұл денсаулықты нығайтып қана қоймай, әріптестермен бейресми ортада пікірлесуге, жаңа таныстықтар орнатуға, көңіл сергітуге берілген мүмкіндік. Табиғат аясындағы тынығу, көл жағасындағы серуен, ұйымдастырылған мәдени бағдарламалар демалушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Демалыс күндері әріптестердің өзара әңгімесі де тек жұмыспен шектелмей, өмірлік тәжірибе, отбасы, бала тәрбиесі, болашақ жоспарлар төңірегінде өрбіді. Осындай еркін орта ұжымдық байланысты бұрынғыдан да жақындата түсті.
Жамбыл облысы, Талас ауданы Бірлестік орта мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Бақыткүл Игенова мұндай демалыстың маңызын ерекше атап өтті.
– Алакөлге барғандағы басты әсерім – жан тыныштығы. Бірнеше күн ішінде күнделікті қарбаластан алыстап, жаңа күш жинадық. Барлық жағдай жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Осындай мүмкіндік жасап отырған жергілікті кәсіподаққа алғысымыз шексіз. Мұндай қамқорлық әр ұстаз үшін өте маңызды, – дейді ол.
Бүгінде Жергілікті кәсіподақтың сауықтыру бағдарламалары жүздеген кәсіподақ мүшесін қамтып отыр. Алакөл, Ыстықкөл, Ташкент-Самарқанд бағыттарындағы демалыстар соның нақты дәлелі. Бұл жобалардың басты мақсаты – ұстаздарға сапалы демалыс ұйымдастырып қана қою емес, олардың әлеуметтік әл-ауқатын арттырып, жаңа оқу жылына көтеріңкі көңіл күймен оралуына жағдай жасау. Әлеуметтік қолдау осындай нақты істерден көрінеді. Ал ұстаздың жақсы көңіл күйі мен тың серпіні алдағы оқу жылында сапалы білімнің де кепілі болмақ.
Жамбыл облыстық ұйымы