ШИПАЛЫ МЕКЕНДЕГІ ШУАҚТЫ ДЕМАЛЫС
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы сала қызметкерлерінің әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету, денсаулығын нығайту және сапалы демалысын ұйымдастыру бағытындағы жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруда. Жыл сайын дәстүрге айналған сауықтыру бағдарламасы биыл да өз жалғасын тауып, жүздеген кәсіподақ мүшесіне шипалы мекендерде тынығуға мүмкіндік беруде.
Жергілікті кәсіподақтың төрағасы, Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Ерұлан Мағзымбековтың айтуынша, биыл кәсіподақтың жеңілдетілген жолдамасымен Алакөл жағалауында 500, ал Ыстықкөлде 1100 білім саласы қызметкері мен олардың отбасы мүшелерін сауықтыру жоспарланған.
- Кәсіподақ қызметінің басты бағыттарының бірі – мүшелеріміздің әлеуметтік жағдайын жақсарту және олардың денсаулығын нығайту. Жыл бойы жауапты қызмет атқаратын ұстаздардың сапалы демалып, күш-қуатын толықтыруына жағдай жасау біздің басты міндеттеріміздің бірі. Сондықтан жыл сайын сауықтыру бағдарламасының аясын кеңейтіп келеміз. Биыл да мыңдаған кәсіподақ мүшесі Алакөл мен Ыстықкөлдің жағалауында тынығып, жаңа оқу жылына тың серпінмен оралады деп сенеміз, – дейді Ерұлан Сәбенұлы.
Биылғы маусымның алғашқы легімен Тараз қаласы, Талас және Жамбыл аудандарының білім қызметкерлері жолға шықты. Алғашқы кезеңде 194 адам сауықтыру шарасымен қамтылды. Теміржол билеттеріне деген жоғары сұраныс ескеріліп, демалушылар алдымен автобуспен Алматы қаласына жеткізіліп, одан әрі Алматы–Семей бағытындағы пойызбен Алакөлге аттанды. Олар «ARASAN ALAKOL» демалыс орталығына орналастырылды. Ал олардың ізін ала Байзақ және Шу аудандарының педагогтері де демалысқа жол тартты.
Демалысқа қатысушылардың айтуынша, Алакөлдің шипалы суы мен табиғаты жанға тыныштық сыйлап, бір жылдық еңбектің шаршауын басуға мол мүмкіндік береді. Жамбыл ауданындағы Т.Рысқұлов атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Айбүбі Абсалимова биыл көптен күткен арманы орындалғанын қуанышпен жеткізді.
- Алакөлге баруды жыл сайын жоспарлағаныммен, түрлі себептермен кейінге қалып жүретін. Биыл әріптестеріммен бірге жолға шығып, жазғы демалысымды «Арасан Алакөл» демалыс орталығында өткізіп жатырмын. Ұстаздық қызмет үлкен жауапкершілікті талап ететін мамандық. Сондықтан сапалы демалыс пен денсаулықты нығайту әр педагог үшін аса маңызды. Алакөлдің шипалы суы, табиғаты мен таза ауасы ерекше әсер сыйлады. Демалыс орталығында барлық жағдай жасалған, қызмет көрсету деңгейі жоғары. Осындай игі бастаманы жүзеге асырып, ұстаздардың әлеуметтік жағдайына әрдайым қолдау көрсетіп келе жатқан Жамбыл облыстық кәсіподақ ұйымына зор алғысымды білдіремін. Мұндай қамқорлық бізге жаңа оқу жылын көтеріңкі көңіл күймен, тың күш-жігермен бастауға мүмкіндік береді, – дейді ұстаз.
Бүгінде кәсіподақ ұйымдастыратын сауықтыру бағдарламалары сала қызметкерлерінің әлеуметтік қолдауын күшейтіп қана қоймай, олардың денсаулығын нығайтуға, еңбек өнімділігін арттыруға және кәсіби қажуды азайтуға оң ықпал етуде. Ал ұстаздың денсаулығы мен әл-ауқатына жасалған қамқорлық елдің ертеңіне салынған сенімді инвестиция. Сондықтан Жамбыл облыстық кәсіподақ ұйымы алдағы уақытта да сала қызметкерлерінің әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға бағытталған жобаларды жүйелі түрде жалғастыра бермек.
Жамбыл облыстық ұйымы