ЕҢБЕКПЕН ЕЛЕНГЕН ҰСТАЗ ҒҰМЫРЫ
Ұстаздық – білім мен тәрбиенің шамшырағын жағып, жас ұрпақтың болашағына жол ашатын қастерлі мамандық. Осы абыройлы жолда саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнап, білім беру саласының дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан ардақты ұстаздардың бірі – Маханова Мирамкүл Қашақбайқызы.
Мирамкүл Қашақбайқызы 1966 жылдың 11 сәуірінде дүниеге келген. Ол Жалағаш ауданының Ақсу ауылындағы №116 орта мектепте білім алып, кейін тағдырын ұстаздық қызметпен байланыстырып, еңбек жолын туған мектебінде жалғастырды. Бүгінде осы білім ордасында ұзақ жылдар бойы табысты қызмет атқарып, шәкірттер мен әріптестерінің зор құрметіне бөленіп келеді.
Ұстаздың басты міндеті – сапалы білім беру ғана емес, жас буынның бойына адамгершілік, еңбекқорлық, отансүйгіштік секілді асыл қасиеттерді сіңіру. Осы жолда Мирамкүл Қашақбайқызы әр шәкіртінің жүрегіне жол тауып, олардың білімді де тәрбиелі азамат болып қалыптасуына аянбай еңбек етті. Оның әр сабағы тағылымға толы болса, әрбір ақыл-кеңесі шәкірттеріне өмірлік бағдар болып келеді.
Білім беру саласындағы 42 жылдық еңбек жолында ол кәсіби шеберлігімен, жауапкершілігімен және өз ісіне деген адалдығымен ерекшеленді. Ұстаз тәрбиелеген көптеген шәкірттер бүгінде еліміздің әр саласында жемісті еңбек етіп, қоғам дамуына үлес қосуда. Бұл – ұстаз еңбегінің жарқын жемісі.
Ұзақ жылғы қажырлы еңбектің арқасында жинаған абыройы мен беделі – маңдай тер мен табандылықтың нәтижесі. Ұстаз үшін ең үлкен марапат – шәкірттерінің жетістігі мен халықтың алғысы. Осы тұрғыдан алғанда, Мирамкүл Қашақбайқызының ғұмыры мен еңбек жолы – нағыз еңбек адамына тән өнегелі өмірдің жарқын үлгісі.
Қызылорда облыстық ұйымы