ЖАС КЕЛСЕ – ІСКЕ
Қазіргі қоғамда жас мамандардың білім мен тәрбие саласындағы орны ерекше. Өз ісіне адал, шығармашыл әрі ізденімпаз жастардың еңбегі өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына жол ашады. Осындай талантты жас мамандардың бірі – Қалатбек Ақерке Төлегенқызы.
Ақерке Төлегенқызы 2014-2018 жылдары Қызылорда облыстық Қазанғап атындағы музыкалық колледжінің академиялық вокал бөлімінде білім алып, өнер жолындағы алғашқы қадамын нық басты. Кейін Шымкент университетінің «Музыкалық білім беру» мамандығын тәмамдап, кәсіби білімін жетілдірді. 2019 жылдың қаңтар айынан бастап Жалағаш ауданындағы Мәдениет ауылындағы №8 «Балауса» бөбекжай-бақшасында музыка жетекшісі қызметін атқарып келеді. Қазіргі таңда педагог-модератор санатына ие жас маман өз ісінің шебері ретінде танылып келеді.
Музыка – баланың жан дүниесін байытып, эстетикалық талғамын қалыптастыратын маңызды құрал. Осы бағытта Ақерке Төлегенқызы тәрбиеленушілердің шығармашылық қабілеттерін дамытуға ерекше көңіл бөліп, олардың өнерге деген қызығушылығын арттыру жолында аянбай еңбек етуде. Оның ұйымдастырушылық қабілеті, сахна мәдениеті мен музыкалық талғамы жоғары деңгейде қалыптасқан.
Жас маманның еңбекқорлығы мен ізденімпаздығы көптеген жетістіктерге жол ашты. Оның жетекшілігімен тәрбиеленушілер түрлі аудандық, облыстық және республикалық байқауларда жүлделі орындарға ие болып келеді. Атап айтқанда, аудандық мерейтой аясында өткен «Мың бұралып билейміз» би байқауында тәрбиеленушілері III орынға ие болды. «Менің елім – менің бақытты балалық шағым» республикалық байқауының аудандық кезеңінде «Ерке» би тобы II орын иеленді.
Өзі де өнер додаларында белсенділік танытып, жоғары нәтижелер көрсетуде. «Ата заңым – айбарым» аудандық патриоттық әндер байқауында III орын, «Шырқалсын мәңгі, Жеңістің әні» облыстық байқауында III орын, «Жас маман – 2025» облыстық байқауында II орын иеленді. Сонымен қатар, «Өнеріміз саған – Қазақстан» байқауының аудандық кезеңінде «Үздік орындаушы» номинациясы бойынша I орын алып, облыстық кезеңде III орынға лайық деп танылды.
Ақерке Төлегенқызының білім беру саласын дамытуға қосқан үлесі де жоғары бағаланып келеді. Ол сапалы білім мен өнегелі тәрбие берудегі еңбегі үшін бірнеше Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарға ие болған. Жалағаш ауданы әкімі Асылбек Ибраимовтың Алғыс хаты, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің марапаттары – соның айқын дәлелі.
Жас болса да, білімділігі мен біліктілігінің арқасында әріптестері мен тәрбиеленушілері арасында зор құрметке ие болған Ақерке Төлегенқызы – бүгінгі жас мамандардың жарқын үлгісі. Оның қажырлы еңбегі мен шығармашылық ізденісі болашақта да толағай табыстарға жетелейтіні сөзсіз.
Жас келсе – іске! Ақерке сынды талапты жастардың жетістігі – ел болашағының жарқын кепілі.
Қызылорда облыстық ұйымы