ТӘЖІРИБЕ МЕН ТАҒЫЛЫМ ТОҒЫСҚАН ТҰЛҒА
Білім беру саласында ұзақ жылдар бойы табанды еңбек етіп, жас ұрпақтың сапалы білім алып, саналы тәрбие алуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан ұстаздардың орны қашан да ерекше. Солардың бірі әрі бірегейі – №294 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Байниязова Гүлімай Сахиқызы.
Ел болашағының іргетасын қалауда ұстаз еңбегінің маңызы зор. 36 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі педагог Гүлімай Сахиқызы өз ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған жан. Ол білім мен біліктілікті ұштастыра отырып, талай буынның өмір жолына бағыт-бағдар беріп келеді. Ұстаздың кәсіби шеберлігі мен шығармашылық ізденісінің нәтижесінде оқушылары аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі олимпиадаларда, ғылыми жобаларда, көркемсөз оқу және эссе байқауларында үздік нәтижелер көрсетіп жүр.
Гүлімай Сахиқызының жетекшілігімен шәкірттері бірнеше ауқымды байқауларда мектеп мерейін асқақтатты. Атап айтқанда, оқушылары «Махамбет оқулары», «Ақберен», «Фариза оқулары», «Қобыланды батыр», «Абай жолы», «Ақбота» зияткерлік олимпиадалары мен республикалық пәндік олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болды. Әсіресе, қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша даярлаған оқушыларының аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі жетістіктері – ұстаз еңбегінің жемісті екенінің айқын дәлелі.
Кәсіби қызметінде де жоғары нәтижелерге қол жеткізген ұстаздың еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол «Жылдың үздік мұғалімі», «Жаңашыл мұғалім» байқауларының жеңімпазы әрі жүлдегері атанды. Сонымен қатар, Оқу-ағарту министрінің Алғыс хатымен, облыстық Құрмет грамоталарымен және салалық марапаттармен бірнеше мәрте марапатталған.
Ұстаздың ең үлкен жетістігі – шәкіртінің жеңісі. Ал шәкірт жетістігінің артында әрдайым қажырлы еңбек пен жүрек жылуын аямаған ұстаздың қолтаңбасы тұрады. Сондықтан Гүлімай Сахиқызының білім саласындағы еселі еңбегі мен шәкірт тәрбиелеудегі өнегелі жолы көпшілікке үлгі болары сөзсіз.