ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ҰЙЫМЫНЫҢ ПЛЕНУМЫ
Түркістан облысы білім басқармасының мәжіліс залында Түркістан облыстық ұйымының кезекті V Пленумы өтті. Жиынға пленум мүшелері, қала және аудандық кәсіподақ комитеттерінің төрағалары, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері, кәсіподақ белсенділері мен делегаттар қатысып, кәсіподақ қозғалысының бүгінгі жай-күйі мен алдағы даму бағыттарын кеңінен талқылады.
Пленумның негізгі тақырыбы – кәсіподақ қызметінің тиімділігін арттырудың жаңа тәсілдері және білім беру саласын цифрландыру жағдайындағы басым бағыттар болды. Осы бойынша облыс төрағасы Жандос Шайдуллаұлы мазмұнды баяндама жасап, еңбек заңнамасындағы өзгерістер, цифрлық технологиялардың еңбек қатынастарына ықпалы, сондай-ақ кәсіподақтардың жаңа жағдайдағы рөлі мен жауапкершілігі жөнінде кеңінен тоқталды. Ол қазіргі кезеңде кәсіподақ ұйымдарының тек еңбек құқықтарын қорғаумен шектелмей, қызметкерлердің кәсіби және әлеуметтік мүдделерін заманауи талаптарға сай қамтамасыз етуі маңызды екенін атап өтті.
Баяндама барысында облыс төрағасының Швейцарияның Женева қаласында өткен Халықаралық еңбек ұйымының 114-сессиясына қатысуы туралы ақпарат берілді. Бұл жиында әлемнің 187 мемлекетінің делегациялары еңбек әлеміндегі жаһандық өзгерістерді, жасанды интеллекттің еңбек нарығына әсерін, цифрлық трансформация жағдайындағы еңбек қатынастарын, платформалық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету мәселелерін талқылады. Халықаралық тәжірибені өңірлік деңгейде тиімді қолдану кәсіподақ қызметінің тиімділігін арттыратыны ерекше атап өтілді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыстық комитеттің заңгері Ермахан Тілепберген кәсіподақ мүшелерінің еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Онда еңбек заңнамасының сақталуына қоғамдық бақылау жүргізу, құқықтық кеңес беру, еңбек дауларының алдын алу және мүшелердің заңды мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстардың нәтижелері айтылып, құқықтық тетіктерді одан әрі жетілдіру қажеттілігі көтерілді.
Сондай-ақ Төлеби аудандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы Е. Майлыбаев атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Ол аудандық кәсіподақ ұйымының әлеуметтік әріптестікті дамыту, мүшелерді қолдау, құқықтық қорғау және ұйымдық жұмыстарды жетілдіру бағытында қол жеткізген нәтижелері мен тәжірибелерімен бөлісті.
Пленум барысында қатысушылар пікір алмасып, кәсіподақ қызметін жетілдіруге қатысты ұсыныстарын білдірді. Әсіресе цифрлық технологияларды енгізу, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтық сауаттылықты арттыру, жастардың кәсіподақ қозғалысына қатысуын кеңейту, әлеуметтік әріптестікті нығайту және кері байланысты күшейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Жиын соңында кәсіподақ қозғалысының дамуына үлес қосқан бірқатар белсенділер «Білім қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен және Құрмет грамоталармен наградталды.
V Пленум кәсіподақ ұйымдарының алдында тұрған жаңа міндеттерді айқындап қана қоймай, білім беру саласы қызметкерлерінің құқықтары мен әлеуметтік мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстарды жаңа деңгейге көтерудің нақты бағыттарын белгіледі.
-
Фотографии
-