ЖАС КЕЛСЕ - ІСКЕ
Қай кезеңде де жаңа идея мен нақты істің басында жастар жүреді. Бүгінде ауданның білім беру кеңістігінде жастармен жұмысты үйлестіріп, олардың кәсіби дамуына ықпал етіп жүрген белсенді мамандардың бірі, Мұғалжар аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының Жастар кеңесінің төрағасы – Гүлманат Сәлімжанқызы Тулеумұхамбетова.
Гүлманат Тулеумұхамбетова 1991 жылдың 2 ақпанында Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданының Талдысай ауылында дүниеге келген. 2008 жылы Қандыағаш қаласындағы №1 орта мектепті тәмамдап, сол жылы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түседі. 2012 жылы «География» мамандығы бойынша жоғары білім алып шығады.
Еңбек жолын Темір ауданындағы Кеңесту негізгі орта мектебінде бастаған ол кейін Қандыағаш қаласындағы №4 орта мектепте ұзақ жылдар қызмет атқарып, мол тәжірибе жинақтады. Педагогикалық қызмет барысында кәсіби біліктілігін шыңдап, «педагог-сарапшы» біліктілік санатын иеленді. Білім саласындағы табанды еңбегі мен кәсіби ізденісінің нәтижесінде бүгінде Мұғалжар аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінде әдіскер қызметін атқаруда.
Қазіргі таңда аудан көлемінде жастармен жұмыс бағытына жауапты маман ретінде жас педагогтардың кәсіби әлеуетін арттыру, олардың шығармашылық бастамаларын қолдау және тәжірибе алмасу алаңдарын ұйымдастыру ісіне белсенді атсалысып келеді. Жастар кеңесінің төрағасы ретінде де әріптестерін ортақ мақсатқа жұмылдырып, түрлі жобалар мен іс-шаралардың жүзеге асуына үлес қосуда.
Кәсіби біліктілігін үздіксіз жетілдіруді басты қағидаттарының бірі санаған Гүлманат Тулеумұхамбетова облыстық және республикалық деңгейдегі түрлі байқауларға, семинарлар мен курстарға тұрақты қатысып келеді. Оның еңбегі әр жылдары жоғары бағаланып, бірқатар марапаттарға ие болды.
Атап айтқанда, 2021 жылы «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Алғыс хатымен марапатталды. 2022 жылы Ақтөбе облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығы ұйымдастырған «Үздік сабақ жоспары» байқауында II дәрежелі дипломға, пәндік педагогикалық олимпиадада III дәрежелі дипломға ие болды. 2024–2026 жылдар аралығында Ақтөбе облыстық әдістемелік орталығы, Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымы, Мұғалжар аудандық білім бөлімі және басқа да мекемелер тарапынан Алғыс хаттармен, сертификаттармен марапатталды. Бұл марапаттар оның білім беру саласындағы нәтижелі еңбегі мен кәсіби шеберлігінің айқын дәлелі.
Іскерлігімен, жауапкершілігімен және ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленетін Гүлманат Тулеумұхамбетова бүгінгі таңда ауданның білім саласындағы белсенді мамандарының бірі ретінде танылып келеді. Оның жастармен жүргізіп отырған жұмысы мен әдістемелік қызметі кәсіби ортада жоғары бағаланып, көптеген жас мамандарға үлгі болуда.
«Жас келсе – іске» деген нақылдың мәнін еңбегімен дәлелдеп жүрген Гүлманат Сәлімжанқызы – әдістемелік жұмыс пен жастарды қолдауды қатар алып жүрген білікті маман.