ҚОБДА АУДАНЫНДАҒЫ КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІМЕН КЕЗДЕСУ
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының өкілдері Қобда ауданына жұмыс сапарымен барып, Талдысай жалпы білім беретін мектебінің, «Гаухар» бөбекжай балабақшасының және Ә.Молдағұлова атындағы орта мектебінің, «Балдырған» балабақшасының ұжымдарымен кездесті.
Сапар барысында білім беру ұйымдарында қоғамдық бақылау жүргізіліп, еңбек заңнамасының сақталуы мен қызметкерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтарына қатысты мәселелер қаралды. Сонымен қатар мектеп ұжымдарымен ашық форматтағы кездесулер ұйымдастырылып, кәсіподақ қызметінің негізгі бағыттары мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы жан-жақты ақпарат берілді.
Кездесу кезінде кәсіподақ мүшелерінің еңбек демалысын рәсімдеу тәртібі, еңбек қатынастарына байланысты өзекті мәселелер түсіндіріліп, қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауаптар берілді.
Жиын барысында Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы Раушан Серікова кәсіподақтың қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы рөліне тоқталып, әлеуметтік әріптестікті нығайтудың маңызын атап өтті.
Ал, облыстық ұйымның заңгерлері Нұрлан Жетпісбай мен Лаура Амирова еңбек заңнамасындағы өзгерістер, қызметкерлердің құқықтық кепілдіктері, еңбек демалысын рәсімдеу тәртібі және еңбек қатынастарына қатысты өзекті мәселелер жөнінде кеңінен баяндады.
Басқосу барысында кәсіподақ мүшелері өздерін толғандырған мәселелерін көтеріп, мамандардан құқықтық кеңес алды.