ЖАС КЕЛСЕ – ІСКЕ
Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Білім мен біліктілікті қатар ұштастырып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген жас мамандар ел болашағының жарқын кепілі. Солардың бірі – Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының жанынан құрылған Жастар кеңесінің төрағасы Әжбенов Ерасыл Құрманғалиұлы.
Ерасыл Әжбенов 1997 жылдың 22 қарашасында Ақтөбе облысы Байғанин ауданының Оймауыт ауылында дүниеге келген. Бала күнінен білімге құштар болып өскен ол 2003-2015 жылдар аралығында С.Жиенбаев атындағы орта мектепте білім алып, мектеп қабырғасынан-ақ ізденімпаздығымен ерекшеленді.
2015 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, 2019 жылы аталған оқу орнын үздік дипломмен тәмамдады. Білімге деген құштарлығын одан әрі жалғастырып, 2021 жылы магистратураны аяқтап, филология ғылымдарының магистрі ғылыми дәрежесін иеленді. Бүгінде педагог-модератор санатындағы білікті ұстаз ретінде жас ұрпақтың сапалы білім алуына үлес қосып келеді.
Еңбек жолын Ақтөбе қаласындағы Шығармашылық Академиясында педагог-ұйымдастырушы қызметінен бастаған жас маман алғашқы күннен-ақ өз ісіне жауапкершілікпен қарап, шығармашылық қабілеті мен ұйымдастырушылық қасиетін таныта білді. Бұл кезең оның кәсіби қалыптасуына үлкен тәжірибе мектебі болды.
2022 жылдан бастап Ақтөбе жоғары гуманитарлық колледжінде арнайы пәндер оқытушысы болып еңбек етіп келеді. Білім беру саласындағы жаңашыл бастамаларды қолдап, студенттердің кәсіби дамуына бағытталған жұмыстарды жүйелі жүргізіп жүрген ұстаз әріптестері арасында да жоғары беделге ие.
Ерасыл Әжбеновтің табысты еңбегі түрлі деңгейдегі байқауларда өз бағасын алды. Ол техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары педагогтарының инновациялық жұмыстары конкурсының облыстық кезеңінде ІІ орын иеленсе, республикалық байқауда І орынға қол жеткізіп, өңір мерейін асқақтатты. Бұл жетістіктер оның кәсіби шеберлігі мен үздіксіз ізденісінің айқын көрінісі.
Қазіргі таңда ол Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымы жанындағы Жастар кеңесінің төрағасы ретінде жастардың бастамаларын қолдауға, олардың кәсіби және қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған маңызды жұмыстар атқаруда. Жастардың мүддесін қорғау мен олардың дамуына жағдай жасау жолындағы еңбегі көпшілік тарапынан жоғары бағалануда.
Елдің ертеңі – білімді де білікті жастардың қолында. Осындай жауапты міндетті терең сезініп, білім мен қоғамдық қызметті қатар алып жүрген Әжбенов Ерасыл Құрманғалиұлы жас буынға үлгі боларлық тұлға. Оның еңбекқорлығы, ізденімпаздығы және көшбасшылық қасиеті болашақта бұдан да биік белестерді бағындыруына негіз болары сөзсіз.