ШЫҒАРМАШЫЛ ҰСТАЗ – САПАЛЫ БІЛІМ КЕПІЛІ
Бүгінгі білім беру кеңістігінде шығармашыл ойлайтын, кәсіби шеберлігімен дараланатын жас мамандардың орны ерекше. Осындай ізденімпаз, еңбекқор әрі өз ісіне адал жас ұстаздардың бірі, білім мен тәрбиені қатар ұштастырып, шәкірт жүрегіне жол таба білген жаңашыл тұлға – Мәлікова Әмина Жанғалиқызы.
Еңбек жолын 2020 жылы бастаған Әмина Жанғалиқызы қазіргі таңда Ш.Уәлиханов атындағы №127 орта мектеп-лицейінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметін абыроймен атқарып келеді. Қысқа уақыт ішінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып үлгерген жас маман әріптестері мен шәкірттерінің зор құрметіне бөленіп жүр.
Жас ұстаз сабақ барысында заманауи білім беру технологияларын тиімді пайдаланып, оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыруға, шығармашылық қабілеттерін дамытуға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге ерекше мән береді. Оның жетекшілігіндегі оқушылар ауылдық, аудандық олимпиадаларда, ғылыми жоба байқауларында және әдеби оқуларда жүлделі орындарға ие болып, мектеп мерейін үстем етуде.
Ұстаздық қызметпен қатар, білім беру ұйымының қоғамдық өміріне де белсенді араласып, түрлі мәдени-көпшілік іс-шаралардың ұйымдастырылуына ұйытқы болып жүр. Кәсіби дамуды өмірлік ұстанымына айналдырған педагогтың басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, білімді де бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу.
Осындай жігерлі де талантты жас ұстаздардың еңбегі – еліміздің білім саласының дамуына қосылған қомақты үлес, ал олардың жетістігі – жарқын болашағымыздың кепілі.
Қызылорда облыстық ұйымы