ҰЛТТЫҚ РУХ ПЕН ЖАҢАШЫЛДЫҚТЫ ҰШТАСТЫРҒАН ҰСТАЗ
Ұстаз – тек білім беруші ғана емес, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, шәкірт бойына өнер мен рухани мұраны сіңіретін тұлға. Осындай шығармашылығы мен кәсіби шеберлігі үйлесім тапқан бірегей ұстаздардың бірі – Қызылорда облысы, Арал қаласындағы №71 орта мектептің көркем еңбек пәні мұғалімі Балов Нұржан Ертөреұлы.
Педагогикалық салаға 15 жыл өмірін арнаған Нұржан Ертөреұлы ұлттық өнерді заманауи жаңашылдықпен ұштастырып, шәкірттеріне сапалы білім мен тағылымды тәрбие беріп келеді. Оның табиғи тасқа сурет салу, металды көркемдеп өңдеу, зергерлік бұйымдарға бедер салу бағытындағы төл шығармашылық еңбектері кәсіби орта мен көпшілік тарапынан жоғары бағалануда.
Ұстаз облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі ғылыми-практикалық конференциялар мен семинарларға белсенді қатысып, ұлттық қолөнерді насихаттау бағытында өз тәжірибесімен тұрақты бөлісіп келеді. Жақында ғана өткен Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда ұлттық өнердің құндылығын дәріптеп, өзінің кәсіби ізденімпаздығын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Нұржан Ертөреұлының жаңашылдығы экологиялық бағыттағы жұмыстарынан да айқын көрінеді. Мектеп қабырғасында жүзеге асып жатқан «Қайта өңдеу және таза болашақ» жобасы — соның жарқын дәлелі. Ұстаз қалдық заттарды қайта өңдеп, олардан ұлттық нақыштағы сәндік бұйымдар мен кәдесыйлар жасау арқылы оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытып қана қоймай, олардың табиғатқа жанашырлықпен қарауына зор ықпал етуде.
Балов Нұржан Ертөреұлы – ұлттық рухты жаңғыртып, өнер мен экологияны, дәстүр мен заманауи технологияны сабақтастыра білген шығармашыл ұстаз. Оның еңбегі – жас ұрпақты ұлттық құндылықтарға баулудың, шығармашылыққа жетелеудің және ел болашағына қызмет ететін саналы азамат тәрбиелеудің жарқын үлгісі.
Қызылорда облыстық ұйымы