ЖАС КЕЛСЕ – ІСКЕ
Жас ұстаз – білім мен тәрбиенің шамшырағы, жаңашыл идеялар мен шығармашылық ізденістің иесі. Қазіргі білім беру саласында өз ісіне адал, жауапкершілігі жоғары, белсенді де ізденімпаз жас мамандардың орны ерекше. Осындай талапты да талантты ұстаздардың бірі – Ұлдана Әбілғазиева.
Әбілғазиева Ұлдана Ғабитқызы 2002 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданына қарасты Қарашалаң елді мекенінде дүниеге келген. Жалпы білім беретін №75 мектепті үздік тәмамдап, «Алтын белгі» иегері атанды.
2019 жылы Семей қаласындағы Ә.Бөкейхан атындағы университетке мемлекеттік білім гранты негізінде оқуға қабылданып, 2023 жылы «Екі шет тілі» білім беру бағдарламасы бойынша үздік дипломмен тәмамдады. Білімін одан әрі жалғастырып, аталған жоғары оқу орнында «Филология» мамандығы бойынша магистр дәрежесін иеленді.
2023 жылдың қыркүйек айынан бастап білім беру саласында педагогикалық қызмет атқарып келеді. Еңбек жолын Қызылорда облысы, Арал ауданына қарасты Қаратерең ауылындағы №82 орта мектепте бастап, жас маман ретінде ұстаздық қызметтің алғашқы тәжірибесін жинақтады. 2026 жылдың қаңтар айынан бастап Арал ауданы, Аққұлақ ауылындағы №76 негізгі мектепте ұстаздық қызметін жалғастырып, білім алушыларға сапалы білім мен тәрбие беру бағытында нәтижелі еңбек етуде.
Ол аудандық кәсіби байқауларға белсенді қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Педагогикалық бағыттағы еңбектері мен ғылыми-әдістемелік ізденістері түрлі жинақтарға енгізіліп, кәсіби тәжірибесі әріптестер арасында жоғары бағаланып келеді.
Ұлдана Ғабитқызы — білім мен біліктілікті қатар ұштастырған, ізденісі мен жаңашылдығы үйлесім тапқан жас буынның жарқын өкілі. Ұстаздық жолдағы басты мақсаты — жас ұрпаққа сапалы білім беріп қана қоймай, олардың бойына адамгершілік құндылықтарды сіңіріп, ел болашағына қызмет ететін саналы тұлға тәрбиелеу.
Қызылорда облыстық ұйымы