ЖАҢАШЫЛ ПЕДАГОГ
Ақбаян Әбдікерім – Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы Б.Кейкиев атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, белсенді кәсіподақ мүшесі. Ол 2018 жылдан бері білім беру саласында еңбек етіп келе жатқан ізденімпаз, жаңашыл әрі жауапкершілігі жоғары педагог.
Еңбек жолын жас маман ретінде бастаған Ақбаян Әбдікерімқызы қысқа уақыт ішінде өзінің кәсіби біліктілігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен және еңбекқорлығымен әріптестерінің құрметіне бөленді. Ол білім беру ісіне тың идеялар мен заманауи әдістер енгізіп, оқушылардың сапалы білім алып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген саналы тұлға болып қалыптасуына ерекше көңіл бөліп келеді.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде шәкірттеріне ана тіліміздің байлығы мен әдебиетіміздің асыл мұрасын дәріптеп, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға зор үлес қосуда. Әр сабағын жаңашылдықпен ұйымдастырып, оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыру жолында аянбай еңбек етеді.
Ақбаян Әбдікерімқызының кәсіби жетістіктері де аз емес. Ол республикалық «Дарынды балаға – талантты ұстаз» байқауының жеңімпазы атанып, өзінің педагогикалық шеберлігін дәлелдеді. Сонымен қатар облыстық деңгейдегі түрлі байқаулар мен жарыстарда жүлделі орындарға ие болып, шәкірттері де білім додаларында жоғары нәтижелер көрсетіп келеді.
Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметінде де ол білім сапасын арттыруға, оқу-тәрбие үдерісін жетілдіруге және ұжымның бірлескен жұмысын үйлестіруге елеулі үлес қосып жүр. Іскерлігі мен жауапкершілігінің арқасында мектептің дамуына өз үлесін қосып жүрген жас басшылардың бірі.
Ақбаян Әбдікерім жастығына қарамастан кәсібіне адал, еңбекті өмірлік ұстанымына айналдырған, білім мен тәрбие жолында талмай еңбек етіп жүрген нағыз еңбек адамы. Оның қажырлы еңбегі мен кәсіби ізденісі жас мамандарға үлгі, ал жетістіктері адал еңбектің жемісі.
Жамбыл облыстық ұйымы.