ЖАС КЕЛСЕ - ІСКЕ
Қазіргі қоғамда білімді де білікті жас мамандардың орны ерекше. Ұстаздық жолды таңдаған жастардың әр жетістігі – ел болашағына қосылған үлкен үлес. Осындай жалынды жастардың бірі – Тілектесова Әйгерім Тұрашқызы.
Әйгерім Тілектесова 2002 жылдың 1 қаңтарында Ақтөбе облысы Ойыл ауданында дүниеге келген. Бала кезінен білімге құштар болып өскен ол 2019 жылы Ойыл қазақ орта мектебін аяқтап, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіне оқуға түседі.
Еңбек жолын 2023 жылы Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназиясында бастаған Әйгерім Тілектесова қазіргі таңда осы білім ордасында табысты қызмет атқарып келеді. Жас ұстаз қысқа уақыт ішінде өз ісіне деген жауапкершілігімен, шәкірттеріне деген қамқорлығымен және жаңашыл идеяларымен әріптестері арасында сый-құрметке ие болды.
Ұстаздың еңбегі әрдайым ізденіспен өлшенеді. Әйгерім Тілектесова да кәсіби шеберлігін шыңдау мақсатында түрлі байқаулар мен сайыстарға қатысып, жоғары нәтижелер көрсетуде. Атап айтқанда, “Педагогикалық идеялар – 2025” республикалық байқауының аудандық кезеңінде ІІ орын иеленіп, облыстық кезеңде ІІІ орынға лайық деп танылды. Сонымен қатар облыстық пәндік олимпиадада ІІ орын алып, “Үздік іс-әрекет – педагог шеберлігінің айнасы” атты аудандық байқаудың ІІ орын жүлдегері атанды. Бұл жетістіктер – жас ұстаздың табанды еңбегі мен шығармашылық ізденісінің нәтижесі.
«Жас келсе – іске» деген халқымыздың нақыл сөзі осындай еңбекқор, білімді жастарға арналып айтылғандай. Әйгерім Тілектесова – бойындағы жігері мен жаңашылдығын білім саласына арнап жүрген жас маман. Оның әр жетістігі – жас ұрпаққа үлгі, әр еңбегі – ел болашағына қосылған үлес. Алдағы уақытта да жас ұстаздың алар асуы биік, бағындырар белесі көп боларына сеніміміз мол.